Мүгедектерге арналған мекеме күрделі жөндеуден өтеді

Бүгін Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс он алтыншы сессиясы аяқталып, жұртпен бөлісетін жақсы жаңалық болып тұр. 

Screenshot_6.jpg

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың Төлеби ауданында елге есеп беру жиынын өткізіп, халық тарапынан бірқатар мәселе қозғалғанына көп бола қойған жоқ. Солардың ішінде Көксәйек елді мекеніндегі №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының мәселесі де көтерілді. Бұл өзекті мәселені депутат ретінде бұған дейін де дабыл қаққан едік. Мүмкіншілігі шектеулі жандарға тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек және мәдени бағыттағы қызметтерді көрсетіп келе жатқан бұл орталықтың атқарып отырған еңбегі орасан. Әлеуметтік маңызы зор мекеменің ғимаратына шұғыл түрде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі айтылды. Екі корпустан тұратын ғимарат ширек ғасырдан бері күрделі жөндеуді көрмегендіктен әбден тозығы жеткен. Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер көрсетілетін кабинеттер ғана емес, монша және кір жуу бөлмелерінің де жағдайы мүшкіл. Күрделі жөндеуді қажет етіп отырған жалпы алаң 4870 шаршы метрді құрайды. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын толық күрделі жөндеуден өткізуге смета бойынша 681,5 миллион теңгенің қажеттілігі айтылды. 

Сол жиында өңір басшысы бұл мәселенің тиісті шемімін табатынына, күрделі жөндеуге қажетті қаржының бюджеттен бөлінетініне уәде берген болатын. Міне, арада екі апта өтер-өтпес уақытта Нұралхан Оралбайұлы көпшіліктің алдында берген сол уәденің үдесінен шығып отыр. Бүгінгі облыстық мәслихаттың сессиясында күн тәртібіне №3 Көксәйек арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын күрделі жөндеуден өткізуге қажетті қаражатты бөлу жайлы ұсыныс енгізіліп, депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар орталықты сапалы күрделі жөндеуге қаралған қаражаттың бұл жолы 100 милиион теңгесі бөлініп, тиісті жұмыстарды бастау қолға алынбақ. "Amanat" партиясынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты ретінде өзім депутат ретінде дабыл қаққан бұл мәселенің толыққанды шешімін табуын, қалған қаражат та кешікпей бөлінуін бақылауда ұстайтын боламын.

Ғалымжан Елшібай, 

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты