Сібір жарасының адам денсаулығына төндіретін қаупі және оны болдырмау жолдары
Сібір жарасы (лат. Anthrax) — аса қауіпті жұқпалы ауру, адам мен жануарлар арасында таралатын зоонозды инфекция. Аурудың қоздырғышы - Bacillus anthracis деп аталатын бактерия. Бұл бактерия қоршаған ортада ұзақ сақталатын және өте төзімді споралар түзеді. Сібір жарасы көбінесе ірі қара, қой, ешкі, жылқы сияқты үй жануарлары арқылы таралады. Адамдарға бұл ауру жұққан жағдайда, ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін және адам өміріне қауіп төндіретін жұқпалы аурулар қатарына жатады.
Таралу жолдары
Адам ағзасына сібір жарасы бактериясы бірнеше жолмен енуі мүмкін:
- ауру малмен немесе олардың өнімдерімен (тері, жүн, ет) тікелей жанасу арқылы;
-ластанған топырақпен немесе заттармен байланыс жасау барысында;
-ауа арқылы жұғу (аэрогенді жолмен) , яғни сібір жарасының споралары ауамен тыныс алу арқылы өкпеге енгенде;
-сирек жағдайда - жұқтырылған етті дұрыс термиялық өңдемей жеу арқылы.
Ауру ағзаға түсу жолына қарай келесі клиникалық түрлерге бөлінеді:
1.Тері түрі - жиі кездеседі. Терідегі қышу, қызару және кейіннен қара түсті күйікке ұқсас жара пайда болуымен сипатталады.
2.Өкпе түрі - сирек кездеседі, бірақ өте ауыр өтеді. Споралар тыныс алу жолдары арқылы енген жағдайда дамиды. Белгілері - дене қызуының көтерілуі, жөтел, тыныс алудың қиындауы, ауыр жағдайда - өлімге алып келуі мүмкін.
3.Ішек түрі – ауру жұққан етті тұтынған жағдайда пайда болады. Іштің ауыруы, жүрек айну, құсу, іш өту белгілерімен сипатталады.
Сібір жарасының алғашқы белгілері ауру түріне байланысты.
Инкубациялық кезең кезінде адамда ешқандай ауру белгілері байқалмайды. Аурудың алғашқы белгілері инкубациялық кезеңнен (орта есеппен 1–7 күн) кейін пайда болады, ауру кенеттен және тез дамиды.
Жалпы белгілерге мыналар жатады: дене қызуының көтерілуі, әлсіздік,бас айналу, терідегі жаралар зақымданулар (тері түрінде), іштің ауыруы, жүрек айну, құсу,іш өту (ішек түрінде),қатты тыныс алудың қиындауы (өкпе түрінде).
Диагностикасы: Сібір жарасын анықтау үшін науқастан алынған биоматериалдардан (қан, жара іріңі және т.б.) зертханалық талдау жүргізіледі. Микробиологиялық, серологиялық және молекулалық әдістер қолданылады.
Емдеу әдістері : Ауру анықталған жағдайда, науқас шұғыл түрде ауруханаға жатқызылады.Ауруды емдеу бактерияға қарсы препараттар көмегімен жүргізіледі. Емдеуді мүмкіндігінше ерте бастау - өлім-жітімді азайтудың негізгі шарты болып табылады. Ауыр жағдайларда интенсивті терапия талап етіледі.
Алдын алу шаралары: Малдарды сібір жарасына қарсы уақтылы вакцинациялау, мал өнімдерін ветеринариялық бақылаудан өткізу, өлген малды қауіпсіз түрде көму және зарарсыздандыру, қауіпті аймақтарда жұмыс істейтін адамдарға арнайы қорғаныш киімдерін қолдану, сібір жарасы ошағы табылған жағдайда- санитарлық шараларды қатаң сақтау, ауру малдармен және олардың өнімдерімен жұмыс істеу кезінде санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау, эпидемиологиялық қадағалау және бақылау жұмыстарын күшейту, жұқтыру қаупі бар аймақтарда халықты ақпараттандыру және санитарлық ағарту шараларын жүргізу, ауру ошағы анықталған жағдайда арнайы дезинфекциялық және карантиндік шараларды дереу енгізу.
Сібір жарасының адам денсаулығына төндіретін қаупі бірнеше факторлармен байланысты: Жоғары өлім-жітім деңгейі (әсіресе өкпе түрінде), аурудың жылдам таралуы мен ауыр ағымы, ерте диагностика мен ем жүргізілмеген жағдайда ауыр асқынулардың дамуы.
Сібір жарасы - адам өміріне елеулі қауіп төндіретін инфекциялық ауру. Оның алдын алу шараларын қатаң сақтау, ерте диагностикалау мен дер кезінде ем жүргізу - адам денсаулығын қорғаудың негізгі жолдары болып табылады. Сібір жарасы - өте қауіпті, бірақ алдын алуға болатын инфекция. Адам денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін бұл ауру туралы хабардар болу аса маңызды.
Г.Тулкибаева
Тұран ауданы СЭББ бас маманы
Бөлісу тақырыбы: Сібір жарасының адам денсаулығына төндіретін қаупі және оны болдырмау жолдары