Жіті ішек инфекцияларынан сақтаныңыз!


Жіті ішек инфекциялары (ЖІИ) – әртүрлі микроорганизмдер (бактерия, вирустар) тудыратын, асқазан-ішек жолдарының бұзылуымен жүретін және ағзаның сусыздандыратын жұқпалы аурулар тобы. ЖІИ жылдың суық мезгілінде – вирусты инфекциялар, жылы мезгілінде – бактериалды инфекциялар түрінде кездеседі. Бұл аурумен ересектер де, балалар да ауырады.

Жылы климат микроорганизмдердің көбеюіне қолайлы әсер етеді, сондықтан жазғы мезгілде жіті ішек аурушаңдығының тіркелуі көбейеді.

Жылы мезгілде судың, топырақтың, тағам өнімдерінің ішек инфекциясының қоздырғыштарымен ластану деңгейі жоғарылайды. 

Қорғаныш факторларының белсенділігінің  және гигиеналық дағдылануларының төмендігінен балалар жіті ішек ауруларымен көп ауырады. Балалардың асқазан-ішек жолдарында  иммундық қорғаныс тек 5 жасына қарай қалыптасады. 

Негізгі ауру көзі – ауру адам мен бактерия тасымалдаушылар. Тасымалдаушыларда ауру жасырын түрде өтеді, оны тасымалдаушының өзі де білмеуі мүмкін.

Бактериялар тағаммен, сумен немесе кір қолмен адам  ағзасына ауыз арқылы түседі.  Инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден, мәселен, жуылмаған көкөністерден, пісірілмеген сүттен, сапасыз тағамдарды пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолдану, сондай-ақ, ауыз суды қайнатпай ішкендіктен, лас суға түскендіктен жұғады. Жаз айларында инфекцияны көп жағдайда шыбындар таратады.

Аурудың инкубациялық кезеңі - орташа 6 сағаттан 2 күнге дейін созылады.

Науқастарда жедел дене қызуының көтерілуімен, сұйық дәретпен, іштің ауруымен басталады. Асқазан аймағының ауырсынуы, жүрек айну пайда болып, құсу, іш өту жиілейді (нәжісі су тәріздес болады). Нәтижесінде, ағза сусызданып, әлсіздік пайда болады. Ағзаның сусыздануы – балалар үшін өте қауіпті.

Науқастарға ауруды басатын дәрі-дәрмектерді өздігінен қолдануға, дәрігердің тағайындауынсыз антибиотикті қолдануға болмайды. Себебі,  ішек инфекциясында токсиндер ішекте жинақталатындықтан, дәрілік заттарды өз бетімен қолдану токсиндердің көптеп жиналуына алып келуі мүмкін.  Бұл қабыну процесін одан әрі күшейтеді.

Ауру асқынған жағдайда адамның денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Жіті ішек инфекциясының алдын алу шаралары:

·         Тұрғындарды ерте піскен, жуылмаған және бұзылған көкөністерді, жемістер мен жидектерді, қауын, қарбызды тағамға қолданбауға шақырамыз. Жеміс-жидектер мен көкөністерді ағынды су астында жақсылап жуғаннан кейін пайдаланған абзал. 

·         жеке бас тазалығын қатаң сақтау.

Балаларға тағам дайындаудың және тамақтандырар алдында қолды тазалап сабындап жуу, баланың әрбір затын, ойыншықтарын, бөтелкесі мен емізіктерін таза ұстау;

·         өнімдердің жақсылап қуырылып, қайнатылуына көңіл бөлу;

·         жұмыртқаны шикі немесе шала қайнатылған күйінде қолданбау;

·         дайын тамақты пайдалану кезінде оның иісіне, дәміне мұқият мән беру;

·         тағам және сусындарды арнайы таза барлық санитариялық талаптарды сақтаған сауда орындарынан сатып алу;

·         тез бұзылатын тағам өнімдерін тоңазытқышта сақтау;

·         суды тұтынар алдында міндетті түрде қайнату немесе бөтелкедегі суды ішу;

·         су көздерін әртүрлі ластанулардан тазартып, сақтау;

·         арнайы рұқсат етілген жерлерде шомылу;

·         қоқыс салатын шелектердің, ыдыстардың бетін тығыз жабу және қоқыс жинайтын орындарды жүйелі түрде залалсыздандыру..

 

Маңызды!

Жіті ішек инфекциясының  жоғарыда көрсетілген белгілерінің бірі байқалса, тез арада медициналық көмекке жүгіну керек!

 

Айгул Турымбетова

Шымкент қаласы СЭБД

басшы орынбасары

 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Жіті ішек инфекцияларынан сақтаныңыз!