Қышыма - паразиттік тері ауруы


Қышыма - бұл ең көп тараған жұқпалы паразиттік тері ауруларының бірі. Қышыма кенесі кешкі және түнгі қышумен, сондай-ақ тері қабатындағы өзгерістермен көрінеді.
Қышыма бүкіл әлемде кең тараған, кез-келген адам тазалық сақтамаса аурушаңдыққа ұшырайды.
Қышыманы науқас адаммен тығыз араласқанда, қол алысқанда және тұрмыстық заттар арқылы, жеке бас гигиенасын сақтамаған жағдайда, қылмыстық атқару мекемелеріндегі антисанитариялық жағдайда жұқтырып алуы мүмкін.
Қышыма бет пен бас терісінен басқа барлық жерді, қолдың саусақтардың арасын, кеуде мен iштiң, санның, аяқтың терiсiн зақымдайды.
Балалардағы қышыма ауруының ерекшелігі - денелеріне кең таралуында, атап айтқанда бет, бас терісі, алақандар, аяқтың табанынан кененің таралу жолдарын табуға болады. Нәрестелердің тіпті тырнақтары да зақымданады. Инкубациялық кезеңі қысқа мерзім аралығы мен 2 -4 аптаға дейін созылады.
Қышыма инфекциясының алдын алудың негізгі іс-шарасы болып, адамдар көп жиналатын орындарға (монша, сауна) барғанда жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау, науқастарды белсенді анықтау және емдеу, ауру адамдармен байланыста болудан аулақ болу, қолды сабынмен жиі жуу.
Науқас адам пайдаланған киімдерді, ойыншықтарды, жиһаздарды және басқа заттарды зарарсыздандыру керек. Ол үшін термиялық әдістері немесе арнайы кенеге қарсы құралдар қолданылады. Жұмсақ ойыншықтарды 3-5 күн бойы жабық пластик пакетте қалдыру керек.

Сондықтан жеке бас тазалығын сақтап, қышыма ауруынан сақтаныңыздар!

Мурат Бейсенбаев

Тұран ауданы СЭББ басшысы


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Қышыма - паразиттік тері ауруы