Жанболат ДІЛДӘБЕКОВ: Ауданаралық аурухана сапалы медицинаның қолжетімділігін арттырады

Screenshot_23.png

Жанболат ДІЛДӘБЕКОВ, Сайрам аудандық орталық ауруханасының басшысы:


– Жанболат Бердібайұлы, өзіңіз жетекшілік жасайтын Сайрам аудандық орталық ауруханасы көне Жібек жолының бойында , бүгінгі мегаполиспен іргелес тоғыз жолдың торабында орналасқан деуге де болады. Өйткені шекаралас Түлкібас, Төлеби аудандарының тұрғындарына да шұғыл жағдайда медициналық көмек көрсетіп жататыны бар. Мұнда басшы болып келгеніңізге көп бола қоймаса да екі айға жуық мерзім ішінде аталған емдеу мекемесінің даму жоспарын жобалаған боларсыздар. Алда атқарылар ауқымды істеріңіз болса, оқырмандарыңызбен бөліссек...

– Жоспарымызбен бөліскенде ең алдымен Денсаулық сақтау министрлігі былтыр Үкімет қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында еліміздің аудандық ауруханаларын орталықтандырып, облыстық деңгейге көтеруді қолға алды. Осы мақсатта Түркістан облысында 4 аудандық орталық аурухананы орталықтандыру көзделген. Атап айтқанда, Жетісай, Сарыағаш, Ордабасы аудандық орталық ауруханаларымен қатар Сайрам аудандық орталық ауруханасын да дамыту жобаланған. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Келесі жылы толығымен іске асады деп жоспарланған. Соған сәйкес Сайрам аудандық орталық ауруханасы жақын маңдағы елді мекендерден жеткізілетін барлық науқасты қабылдауға дайындық жұмыстарын бастап кетті.  Яғни, Сайрам ауданының тұрғындарымен қатар Төлеби, Түлкібас аудандарының азаматтарына үшінші деңгейде, яғни облыстық деңгейде медициналық көмек көрсетуге ұмтылыс бар. Сол мақсатта келесі жылы ауруханада екі медициналық құрылғыны – магнитті резонанстық томограф (МРТ) пен ангиограф орнатуды жоспарлап отырмыз. МРТ ағзаның жұмсақ тіндерінің өзгерістерін, ауруларын анықтайтын аппарат болса, ангиограф қан тамырлары арқылы ота жасауға бейімделген құрылғы. Осылардың көмегімен алдағы уақытта біз күрделі науқастарды облыстық клиникалық ауруханасына тасымалдамай-ақ оларға Сайрам аудандық орталық ауруханасында медициналық көмек көрсетуге дайын болуымыз керек.

Аурухана шеңберіндегі жоспарларды атап өтетін болсам, екі бағытта жұмыс жүргізіледі. Бірінші бағыт – бейінді мамандарды жұмысқа тарту. Өйткені балалар травматологы, балалар невропатологы, гематолог, қан тамыр хирургы, тағы сол сияқты мамандар тапшы, жоқ десек те болады. Бүгінде науқастар ондай бейінді мамандардың кеңесін алуға Шымкентке баруға, Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының, қалалық диагностикалық орталығының табалдырықтарын тоздыруға мәжбүр. Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы өңірді толық қамтитын болғандықтан мамандардың үлгеріміне қарай сырқат адамдардың бір, бір жарым ай кезек күтіп жататыны жасырын емес. Сондай кезекті азайтып болдырмау мақсатында біз мамандарды орталықтандырылған ауданаралық ауруханаларға тартып, осы жерде дәрігерлердің емхана жағдайында қабылдау жүргізуіне тұрғындарға тиімді жағдай жасаймыз. Екінші бағыт – шалғай орналасқан елді мекендерде көрсетілетін медициналық көмектің көлемін ұлғайтпақпыз. Өйткені денсаулығына шағымданушылар УДЗ-ге түсуге, басқа да анализдерін тапсыруға орталыққа баруға мәжбүр. Талдауларын өздерінің елді мекендеріндегі дәрігерлік амбулаторияда тапсыруы үшін құрылғыларды сонда көшіріп, қолайлы жағдайдың бәрін жасауға ұмтылып жатырмыз.

Бұдан басқа терапия саласын бойынша стационарда қосымша төсек орындарды көбейтіп, пульмонология, эндокринология, нефрология бөлімшелерін ашамыз. Ал, хирурургия саласы бойынша қан-тамыр хирургиясы, жақ-бет хирургиясы және лор бөлімшелері ашылады. Балалар бөлімшесі жанынан бес төсек орынды неонотология бөлімшесін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл Қоғамдық денсаулық басқармасы басшылығымен және емдеу ісі бөлімімен ақылдасып шешілген мәселе. Қыркүйек айынан бастап жаңа бөлімшелер ашылып, халыққа қызмет көрсетеді деген үмітіміз бар.

– Өзіңіз танымал хирург дәрігерсіз. Түркістан қалалық орталық ауруханасын үш жарым жылдай басқарып, жаңа облыс орталығында бұрын соңды болмаған күрделі оталарды жасалуына ұйытқы болдыңыз. Бүгінде облыс әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық басқармасының қолдауымен жүзеге асқан жүйелі жұмыстардың игілігін жұрт көріп жүр. Ал, Сайрам ауданында кәсіби салаңызда қандай өзгерістер енгізбек ойыңыз бар?

– Бауыр мен ұйқы безіне күрделі оталар тек облыстық клиникалық ауруханада және Түркістан қаласында жасалатын. Ол үшін мамандар, медициналық құралдар, арнайы құрылғылар жеткілікті болуы қажет. Сосын ауруханада соған сәйкес емдеуге қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сөйтіп медициналық және фармацептикалық істерді бақылайтын комитеттің рұқсатын алуымыз керек. Лицензия алуға сұраныс жіберіп қойдық. Бір айдың көлемінде дайын болады. Қосымша мамандар тартып отырмыз. Бауыр мен асқазан асты ұйқы безіне күрделі оталар жасатуға сырқат жандар Шымкентке, облыстық клиникалық орталық ауруханасына жолданады. Олар порталға тіркеліп, кезегін күтеді. Құдай қаласа, рұқсат алсақ бір айдың көлемінде науқастарымыз Шымкент қаласына не облыс орталығына сабылмай өзінің тұрғылықты мекенінде – Сайрам аудандық орталық ауруханасында жасатуға мүмкіндік алады.

– Сонда Сайрам ауданында күрделі отаның қанша түрі жасалмақ?

– Бауырға жасалатын оталардың бірнеше түрі бар. Сол сияқты ұйқы безіне де жасалатын отаның 3-4 түрі бар. Алдағы уақытта Сайрам ауданында күрделі хирургиялық ем-шараның 10 шақты түрі жүзеге асатын болады.

– Оған маман жеткілікті ме?

– Жаңа айтып өткенімдей, маман тапшылығы бар. Мұндай жағдай Түркістан қалалық ауруханасында да кездескен. Түркістанға Алматы, Қарағанды, Тараз, Қызылордадан 30-ға жуық дәрігерді жұмысқа шақырған екенбіз. Олардың барлығы іскер әрі тәжірибесі мол мамандар. Сайрам аудандық орталық ауруханасында да сол әдіспен жұмыс жүргіземіз. Тек қажетті тәжірибесі бар дәрігер мамандарды шақыртамыз. Пульмонолог, эндокринолог, нефролог, қан-тамыр хирургы, гематолог, лор... Бір маманды Шымкенттен шақырттық. Лорды Қарағанды қаласынан алдырттық, өте жоғары санатты білікті дәрігер. Бір айда келісім берді. Оған бөлімше ашып, құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ететін болдық. Қан-тамыр хирургымен де келісіміміз бар, бір айда жұмысын бастайды. Балалар травматологы, балалар невропатологы, балалар хирургы сынды тапшы мамандарды шақыртып отырмыз. Оларға аудан медицинасын көтеруі үшін үстеме ақы қарастырамыз. Себебі істеп жүрген мекемесінен жалақысы аз болса, олар Ақсукентке келмейді. Бірақ, бұл маманның бәрін сырттан алдыртамыз деген сөз емес. Өзіміздің дәрігерлердің де білім-біліктіліктерін арттырып, тәжірибе жинаймыз. Үйретеміз. Мамандарымызды оқуға жіберіп, кәсібилігімізді шыңдаймыз.

Бүгінде Сайрам аудандық орталық ауруханасында 2000-ға жуық қызметкер еңбек етеді. Олар 130 мыңнан астам тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Енді аудан деңгейінде қалып қоймай облыстық деңгейде медициналық көмек көрсетуге ұмтылуымыз керек. 

– Маман мықты болғанымен оның жұмыс істеуіне жағдай жасалмаса тағы болмайды. Аурухананың медициналық материалдық-техникалық жағдайы қалай?

– Дұрыс айтасыз. Дегенмен, Сайрам аудандық орталық ауруханасының материалдық-техникалық базасы 84 пайызды құрайды. Көп аудандардан көш ілгері көрсеткіш. Бірақ, солай екен деп босаңсуға болмайды. Қолжетімді медициналық қызмет сапасын әрі қарай жетілдіруіміз керек. Қоғамдық денсаулық басқармасына ота бөлімшеріне, залаласыздандыру орталығына құрал-жабдықтар қажеттігі туралы сұраныс бердік. МРТ мен ангиограф аппаратын алдыртсақ, аурухананың жабдықталуы 95 пайыздан асады.

Қоғамдық денсаулық басқармасы бізді жан-жақты толық қолдап отыр. Мамандар мен медициналық аппараттар, құрылғы, жабдықтар жеткілікті деңгейде болса, ауданаралық аурухана статусы беріледі. Бұл Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының қолдауымен болып жатқан игі бастама! Маман бойынша да көмек беріп келеді. Бір ғана мысал, бізге қажетті балалар травматологы басқарма тарапынан жолданып отыр.   

– Цифрландыру денсаулық сақтау саласында да жүргізілді ғой. Игілігін көріп жүрсіздер ме?

– 2003 жылдары біз ауруханада емделіп жатқан науқастарға тағайындалымдар беріп, оның қолына көшірмесін ұстатып, тағы бір көшірмесін құжаттамаға тігіп, көп уақытымызды қағаз жазумен өткізетінбіз. Бүгінде келіп түскен науқастың не шағымданып келген пациенттің ЖСН-ін терсеңіз, базадан электронды төлқұжатын шығады. Оның ауру тарихын толық көресіз. Қай уақытта, қай жерде емделді? Қандай сырқатпен есепте тұрады? Тіпті қандай аллергиясы барына дейін білуге болады. Ал, ауруханадан шыққасын пациент туралы мәлімет оның учаскелік дәрігеріне хабарлама ретінде түседі. Мұның барлығы цифрландырудың жемісі! Дәрігерлердің жұмыстарын біршама жеңілдетті. Оңтайландырды деп есептеймін.

– Соңғы кезде коронавирус қайта алаңдата бастады. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты десек те инфекция жұқтырғандардың саны күнде хабарланады. Аудандағы ахуал қалай?

– Аурухананың 20 төсек орынға арналған инфекциялық госпитальнда 4 науқасымыз жатыр. Екеуі жүкті, екеуі босанған әйелдер. Жағдайлары қалыпты. Үйінде бақылауда отырған коронавирус жұқтырған 7 науқасымыз бар. Тұрақты бақылауымызда.

– Уақытыңызды арнап, жоспарыңызбен бөліскеніңізге рақмет!

Әңгімелескен А.НҰР