Өндірістік бақылау не үшін қажет?


Өндірістік бақылау туралы көптеген адамдар естіген, бірақ көбі не екенін және қалай жүзеге асырылатынын түсіне бермейді. Өндірістік бақылау – объектілерде санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарында белгіленген талаптардың сақталуына өзін-өзі бақылау жүргізу арқылы өндірілетін өнімнің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам мен мекендеу ортасы үшін қауіпсіздігін және (немесе) зиянсыздығын қамтамасыз етуге бағытталған жеке кәсіпкер немесе заңды тұлғалармен, оның ішінде зертханалық зерттеулер мен сынақтарды орындайтын кешенді іс-шаралар.

Бұл зерттеулер мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға жататын өнімді өндіру, қолдану, сақтау, тасымалдау, өткізу, жинау, кәдеге жарату және (немесе) жою жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындарға қажет.

Өндірістік бақылауды жүргізуге міндетті:

1) тамақ өнімдерін өндіру және айналымының объектілері;

2) коммуналдық гигиена объектілері;

3) өнеркәсіптік кәсіпорындар (оның ішінде радиациялық объектілер);

4) фармацевтикалық және (немесе) медициналық қызмет жүзеге асырылатын сауықтыру ұйымдары, емдеу-профилактикалық, стоматологиялық клиникалар, кабинеттер, денсаулық сақтау ұйымдары;

5) дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық құралдарды өндіру және (немесе) дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық қызметтерді көрсететін объектілері;

6) балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен білім беру, балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту объектілері;

7) химиялық заттарды, агрохимикаттарды және пестицидтерді сақтау және пайдалану жөніндегі объектілер;

Зерттеулердің кезеңділігі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 6 маусымдағы № 239 бұйрығымен бекітілген «Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» СҚ-ға сәйкес белгіленеді. Жыл сайынғы, тоқсандық немесе ай сайынғы зерттеулер өндірістік факторлардың зияндылығына байланысты жүргізіледі.

Н.Кенжебай

Әл-Фараби аудандық СЭББ бөлімі басшысы


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Өндірістік бақылау не үшін қажет?