Сальмонеллез жұқпасының алдын алу


Сальмонеллез Salmonella тұқымдастығының әртүрлі бактериялары тудыратын жұқпалы ауру, ол ас қорыту жүйесінің зақымдалуымен сипатталады. Балалар жиі ауырады және ауыр ағымда өтеді, сондықтан 2-3 жасқа дейінгі балалар арасында өлім 3-5% құрайды.

Аурудың эпидемиологиялық қауіптілігі күн жылығанда артады: қоздырғыштың белсенді таралуына ең қолайлы уақыт – жаз айы және күз айының басы.

Сальмонеллездің қоздырғышы ұсақ жылжымалы грамм-теріс таяқшалар сыртқы ортаға төзімді, ашық су қоймаларында 120 күнге, топырақта 140 күнге, ет пен шұжықтарда 60-тан 130 күнге дейін (мұздатылған етте 13 айға дейін) сақталады.

Жұқпаның көзі үй жануарлары, құстар және адамдар (ауру, тасымалдаушы) болып табылады. Берілу механизімі ауыз-нәжістік. Берілу жолдары: ауру мал мен құстан алынған тамақ өнімдері, ластанған қолдар мен тұрмыстық заттар, ластанған су арқылы (мысалы сальмонелла таяқшасы ашық су қоймаларында және су құбырларында болуы мүмкін).

Қоздырғыштың аз мөлшері, оның әлсіз вируленттілігі және ағзаның жақсы төзімділігі кезінде жұқтырған адам клиникалық сау болып, ұзақ уақыт сальмонеллез тасымалдаушысы бола алады. Ластанған суды пайдалану немесе шомылу кезінде сальмонеллезді жұқтыруға болады. Соңғы жылдары Salmonella enteritidis қоздырғышының таралуымен байланысты, сальмонеллез жұқпасының таралуы анықталуда, ол көбінесе құс еті мен жұмыртқа, сондай-ақ олардан жасалған өнімдер арқылы беріледі. Жануарлар арасында аурудың су арқылы таралуы мал шаруашылығы кешендерінде және құс фабрикаларында жиі кездеседі.

Сальмонеллез жұқпасының қауіптілігітамақ өнімдеріне жұқпаның қоздырғышы түскен кезде оның сыртқы түрін өзгертпейді, дәміне әсер етпейді. Зертханалық талдау көмегімен белгілі бір тамақ өнімдерінде сальмонелланың болуын анықтауға болады.

Тағам арқылы берілу жолының инкубациялық кезеңі 6 сағаттан 3 күнге дейін (көбінесе 12-24 сағат), қарым-қатынас арқылы 7 күнге дейін созылады. Әдетте ауру жедел басталады, дене қызуы көтеріледі (ауыр формада 39°C және одан жоғары), жалпы әлсіздік, бас ауруы, қалтырау, жүрек айну, құсу, асқазан мен кіндік аймағында ауырсыну пайда болады, кейінірек нәжістің бұзылуы қосылады. Олар аурудың басталуынан бірінші, екінші және үшінші күндерінде айқын көрінеді.

Сальмонеллезді емдеу міндетті түрде дәрігердің бақылауымен жүргізілуі тиіс. Сальмонеллез ауыр клиникалық түрде пайда болуы мүмкін және ауырған адамдар міндетті түрде жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылуы керек. Айта кету керек, ауру белгілерінің жоғалуы әлі толық қалпына келуді білдірмейді. Көбінесе сальмонеллездің салдары әртүрлі асқынуларға әкеледі, мысалы холецистит, гепатит, гастрит және т.б. Сальмонеллездің пайда болуы мен таралуының алдын алу үшін науқастарды уақытылы анықтау және оқшаулау.

Сальмонеллездің алдын алу шаралары:

1. Жеке гигиенаның жалпы қабылданған нормаларын сақтау, тамақ ішер алдында, тамақ дайындау процесінде, жануарлармен қарым-қатынас жасағаннан кейін, әжетханаға және қоғамдық орындарға барғаннан кейін қолды жуу, ас үйде тазалықты сақтау;

2. Алдын ала термиялық өңдеуді қажет етпейтін барлық тағамдарды қайнаған сумен бірнеше рет жуу керек;

3. Ықтимал қауіпті өнімдер (сүт, ет, жұмыртқа) бекітілген технологияларға сәйкес дайындалуы керек, тіпті ірі бөлшек сауда желілерінде сатып алынған құс өнімдері сальмонелланы жұқтыру көзі болуы мүмкін екенін есте ұстаған жөн;

4. Тоңазытқышта тауарлық көршілестікті сақтау керек, дайын тағамдарды шикі өнімдермен бір сөреде сақтамаңыз, жұмыртқаларды арнайы бөлікте сақтау керек;

5. Бактериялардың көбеюіне жол бермеу үшін өнімдерді қауіпсіз температурада сақтау керек;

6. Кездейсоқ сауда орындарынан тағам өнімдерін сатып алмаңыз;

7. Сүт және басқа да сүт өнімдерін, әсіресе үйде жасалған өнімдерді термиялық өңдеусіз тұтынуға болмайды;

8. Ас үйде өнімнің әр түрі үшін бөлек кесу тақталары мен пышақтар болуы керек;

9. Таза (қайнатылған, бөтелкедегі) суды пайдалануға тырысыңыз. Таза су ауыз су ретінде де, тамақ әзірлеу үшін де маңызды;

Есіңізде болсын: осы ережелерді сақтай отырып, сіз өзіңізді және балаларыңызды қауіпті инфекциядан қорғайсыз!

Н.ТЕЗЕКБАЕВА,

Тұран аудандық СЭББ бас маманы


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Сальмонеллез жұқпасының алдын алу