Құтыру ауруының алдын алу


Құтыру ауруы аса қауіпті, жұқпалы ауру. Ол орталық жүйке жүйесін зақымдайды, өлімге соқтырады. Ауру қоздырғышының негізгі тасымалдаушысы – қасқыр, түлкі, шибөрі сияқты жабайы аңдар. Міне, солардан ауру иттерге, үй жануарларына жұғады. Ал кесел адамға ауру жануарлар тістегенде, тырнағанда оның сілекейі арқылы жұғады.

Құтыру ауруының алғашқы белгілері: тістеген жер қызарып тесіп ауырады, қызарады, ісініп, жансызданады. Науқастың басы ауырады, тітіркенушілік пайда болады, ұйқысы бұзылады, кеудесі, жұтқыншағы қысылуы мүмкін. Тыныс алуы ауырлап, көк тамырларының қызметі нашарлайды, сөйтіп жүрек жұмысының тоқтауынан көз жұмады.

Құтыру ауруының емі жоқ, дегенмен алдын алуға болады. Сондықтан ит немесе мысық асырайтын болсаңыз, мал дәрігеріне көрсетіп, кеңес алып, құтыру ауруына қарсы вакцина ектіру керек. Ал ит немесе мысық тістеп, тырнаған жағдайда жараны сабынды сумен жуып, жан-жағына тимей, бетіне мақта қойып, тез арада емханаға барған дұрыс. Өз бетімен үй жағдайында емделуге болмайды. Құтыруға қарсы дер кезінде егу ғана адам өмірін аман алып қалады. Ал адамды тістеген жануарды өлтірмей, қумай, тез арада бөлек байлап немесе қамап, малдәрігерлік емханаларға хабарлау керек.

Құтыру ауруы 8-10 күнге созылады, кейде ауырған жануар 3-4 күнде өліп кетеді. Құтыру ауруының клиникалық белгілері әртүрлі ауруларға ұқсас болады. Мәселен, құтыру ауруы біліне бастаған кезде үй жануарлары көңілсіз болады, кейде сұлық жатады. Сондай-ақ мазасызданады, қараңғы бұрышқа тығылады, еліру пайда болады. Тез шошынып, ызақорланады, орынсыз жүгіруі мүмкін. Біртіндеп аузы көбіктеніп, ішіп-жей алмайды. Қол-аяқтары жұмыс жасамай қалатын жағдайлар да кездеседі.

Құтырудың алдын алу мақсатында жануар иелері қарамағындағы үй жануарларын тіркеуден өткізіп, жылсайын егілуіне назар аудару қажет. Мінезінде өзгеріс байқалған жануарлардан балаларды аулақ ұстаған жөн. Ауру белгілері байқалған кезкелген хайуан мен жануарды оқшаулап ұстап, мал дәрігерін шақыру керек. Егілмеген иттерді аң аулауға, күзетке, мал бағуға пайдалануға тыйым салынады. Жабайыаңдардың арасында құтыру ауруына күдік тудыратын жағдай болса, ветеринариялық мекемелерге хабарлануы,өлген жыртқыштардың өлексесі зертханаға тексеруге жеткізілуі қажет.

Құтырудың алдын алу үшін:

- итті тіркетуді;

- құтыруға қарсы екпе жұмыстарын жүргізуді;

- итті байлап ұстауды ескеріңіз.

М.Шамшудинов,

Абай ауданының СЭББ жетекші маманы


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Құтыру ауруының алдын алу