Шымкентте Жұмат Шанинге ескерткіш ашылды

Screenshot_7.jpg

Шымкент қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қазақ театрының тұңғыш режиссері Жұмат Шанинге арналған ескерткіш ашылды.

Еңселі ескерткіштің ашылауына қала әкімі Мұрат Әйтенов, қала мәслихатының хатшысы мен депутаттары,  Ж.Шаниннің ұрпақтары және зиялы қауым өкілдері қатысты.  

Ұлттың ұлы тұлғаларына құрмет көрсету перзенттік парыз екенін алға тартқан М.Әйтенов жиылған қауымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. 

–Шымкент театры Жұмат Шанин есімін 1972 жылы иеленді. Араға 50 жыл салып, театр алдына қайраткердің еңселі ескерткіші тұғырға қонды. Қазақ театр өнерінің ұстазы болған тұлғаның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың асыл қазынасы. Жұмат Шанинге құрмет көрсету арқылы біз мәдениет қайраткерлеріне құрмет көрсетеміз. Ұлт тарихындағы алғашқы кәсіби театр маманының өмірлік танымы – өскелең ұрпақтың бой түзер бағыты болатынына сенімдімін. Баршаңызды Шымкенттің мәдени өміріндегі ерекше сәтпен құттықтаймын!

Еліміз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!-деді қала әкімі. 

Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының алдына орнатылған ескерткіштің биіктігі тұғырымен қосқанда  5 метрге жуықтайды. Авторы – ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Әбдуахат Мұратбаев.

Қазақстандағы тұңғыш қазақ театр өнерінің негізін қалаған, оны кәсіби деңгейде қалыптастырып, шығармашылық жағынан өсу жолында зор еңбек сіңірген тұлғаның туғаны биыл 129 жыл.