Шыңғыс Мұқан ұлттық дәстүрді ұлықтап жүр

Screenshot_88.png

Керемет іс-шара қалалық Әдет-ғұрып, салт-дәстүр орталығында өтті. Мерекеге Атыраулық қонақтар арнайы келіпті. Мұнайлы өңірдің тумасы, тарихшы мұғалім Толыбай мен жұбайы Нұрзаданың бұл көптен күткен сәті еді. Жас отбасы кенже ұлының есімін 2012-2016 жылдары Атырау облысы әкімінің орынбасары болған ағасымен аттас етіп, Шыңғыс деп қоюды ниет етіпті. Атасының аты Мұқан. Биыл көктемде анасы Шымкенттегі Шыңғыс Мұқан мырзамен хабарласады. Шымқалаға арнайы келіп, ұлының тұсауын кесіп беруін, соған өздерінің ниет қылғанын айтады. Әлеуметтік желі арқылы байланысқан отбасының ниетін қабыл алған Шыңғыс Жұмабекұлы бүгін анасымен ат арылтып келген кішкентай бұйра шашты, сүйкімді балапанның күрмеуін шешіп, тұсауын кесті. Салт-дәстүр орталығының басшысы, қазақтың Ақмарал ақыны, қызметкерлері жөн-жоралғыны тәптіштеп түсіндірді. Ер баланың аяғына ала жіпті байлап, қайшымен кесе салмай, алдымен керегеге байланған арқанмен оң аяғын күрмеулеп, оны шешіп, түйінін тарқатқан соң тұсаулаған ала жіпті пышақпен жүзін жоғары қаратып кесті. Атыраулықтар, кішкентай Шыңғыс Мұқанның анасы, апалары мәз болысты. Кірме дәстүрді санасына сіңіріп алған замандастарымыз бүлдіршіннің алдына домбыра, кітап, қамшы қойып жатыр. 

Сөйтіп, бала Шыңғыс Мұқанның тұсауы кесілді. Үлкен Шыңғыс Мұқанға кәдесыйы да бар екен қонақтардың. Бекіре балық сувенирін сыйға тартты. Әдемі естелік. Қазақтың әр өңірде жүрген азаматтары осылай әдемі дәстүр, жоралғыларымен жақындасып жатса, бірін-бірі құрметтеп, перзенттеріне үлгі тұтып жатса несі айып?! Балалар күні қарсаңында әдемі кездесу болды.