Құрбан айт: санитариялық ережелер

Screenshot_1.png         

 Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында мал сату, сою бекеттерінде және  көпшіліктің қатысуымен ұйымдастырылатын құдайы тамақтар кезінде, басқа да іс-шаралар  өткізу барысында аса қауіпті жұқпалы аурулардың (сібір жарасы, Конго-Қырым қанды геморрагиялық қызбасы аурушаңдығы, т.б.), жаппай тамақтан уланудың және жедел ішек инфекцияларының алдын алу ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді.

Мереке қарсаңында қолайсыз жағдайлардың алдын алу үшін төмендегі талаптарды сақтау қажет:

құрбандыққа шалынатын малдарды сату мен сою ветеринарлық қызмет тарапынан ветеринариялық-санитариялық қорытындысы бар орындарда 

және әрбір ауыл шаруашылығы жануарларының тиісті ветеринарлық құжаттары (вет.паспорт, ілеспе құжаттар, құлақ сырғалары)  болған жағдайда ғана іске асыру;

мал сою барысында шыққан қалдықтарды уақтылы залалсыздандырып, шығару;

жеке бас гигиена қағидаларын қатаң сақтау.

Қазіргі таңда қаламызда жіті ішек инфекциялары жиі тіркелуде. Осыған орай, қоғамдық тамақтану орындарында және мешіттерде іс-шаралар өткізу барысында төмендегі ережелерге аса назар аудару керек:

ас дайындаушылардың медициналық тексеруден өтуі және медициналық кітапшаларының болуы;

тағамды арнайы киімде дайындау және дәретханаға бару алдында арнайы киімді шешу;

тағам дайындаумен, үлестірумен айналысатын жұмыскерлердің денесінің ашық жерлерінде, қолында іріңді жаралардың, шағын жарақаттардың болуын қарап-тексеретін және анықталған жағдайда жұмыстан шеттетуге жауапты адамды бөлу;

тазалау жұмыстарымен  айналысатын жұмысшыны  тамақ дайындау және ыдыс-аяқты жуу барысына жібермеу;

тағамдарды дайындау технологиясын сақтап, таза пісіру;

шикі етке қолданған тақтайша, пышақ, ыдыс аяқты піскен тағамға пайдаланбау;

үй жағдайында консервіленген өнімдерді асқа қолданбау;

тез бұзылатын өнімдерді сақтықпен қолдану;

тағам өнімдерін тоңазытқышта тауарлық көршілестігін (шикі азық түлік пен піскен тағамды бір сөреге қоюға болмайды) ескеріп, сақтау;

тағамдардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарының болуы.

МАҢЫЗДЫ!

Біраз уақыт бойы тіркелмеген коронавирусты инфекцияның саны соңғы екі аптада күрт өскенін ескере отырып, халық арасында індеттің тарап кетуінің алдын алу мақсатында:

мүмкіндігінше адамдардың көп шоғырлануының алдын алу;

әлеуметтік қашықтықты сақтау;

ауырып тұрған жағдайда бетперде киіп, көпшілік орынға бармай, үйде қалу;

қолды жиі антисептикпен өңдеу және басқа да сақтық шараларын ұстауға КЕҢЕС БЕРЕМІЗ.

Құрбан айт мерекесі құтты болсын! 

Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын қорғаңыз! 

Ә.ТӨЛЕБАЕВ, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Құрбан айт: санитариялық ережелер