Түркістан облысы вакциналау көрсеткішімен көш бастады  

Түркістан облысы коронавирусқа қарсы вакциналау көрсеткішімен елімізде көш бастады. Өңірде екпе алуға жататын 937 мың тұрғынның 814 мыңы вакцинаның бірінші, 633 мыңы екінші компонентін салдырған. Республикада күнделікті тіркелетін науқастар саны бойынша ең төменгі көрсеткіш те Түркістан өңіріне тиесілі. Соңғы екі аптада коронавирус инфекциясына шалдығу көрсеткіші 36 пайызға ал, вирусты пневмония 43 пайызға төмендеген. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте мәлімдеді. 

image.png

– Түркістан облысында пандемия басталғаннан бері COVID-19 індетімен тіркелген жағдайлар саны бүгінгі таңға 13 мың 420-ны құрап отыр. Оның 12 мың 515-і жазылып шықты. Бұл науқастардың 95 пайызы ауруынан айыққанын білдіреді. Өкінішке қарай, 70 адам қайтыс болды. Облыс бойынша 2600 инфекциялық 300 карантиндік және 320 реанимациялық төсек-орын ұйымдастырылған. Бүгінгі таңға, инфекциялық төсек-орындардың 27,6 пайызында 718 адам ем қабылдауда. Оның 151-і коронавирусқа шалдыққан болса, 567-сі пневмониямен түскен. Карантиндік төсек-орындарда 29 адам жатыр. Реанимациялық төсек-орындарда 60 адам емделуде. Олардың жағдайы тұрақты. Екеуініңкі ауыр, жасанды тыныс алу аппараттарының көмегімен тыныстауда. 

Коронавирустық инфекцияның әр түрлі сценариіне байланысты инфекциялық төсек-орын санын 5 мың 700-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Пандемия басталғанда облыста бір ғана лаборатория жұмыс істеп тұрған болса, бүгінде аудан орталықтарындағы ондай зертханалар саны 13-ке дейін көбейді. Күніге үш мыңнан 5000-ға дейін анализ алуға мүмкіндік бар. Пандемия басталғалы облыста 1 миллионнан астам ПТР сынамасы алынды. 

– Түркістан облысы жасыл аймақта. Бүгінде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. 15 тамызда инфекциялық стационарларға түскендердің саны 2118 дейін жетті. Бұл ең жоғары көрсеткіш! Қазір науқастар саны 60 пайызға азайды, эпидемиологиялық ахуал тұрақты, – деді Марат Орынбасарұлы. 

Облысқа 1 ақпаннан бері коронавирусқа қарсы вакцинаның 816 мың 640 бірінші компонентті дозасы, 663 мың 280 екінші компонентті дозасы жеткізілген. Тұрғындар ресейлік «Спутник V», отандық QazVac, Sinopharm компаниясының HayatVax екпесі, Қытайдың жасап шығарған CoronaVac және Sinopharm компаниясының Vero Cell вакцинасын қабылдай алады. Облыс аумағында 141 екпе қабылдау пункті жұмыс істейді.