11 мыңнан астам адам табиғи газбен қамтылады

Screenshot_18.png

Бүгінде Шымкент – республикадағы маңызды үшінші қала. Шаһар жыл санап көркейіп келеді. Отыз жыл ішінде экономикалық өсуі де қарқын алған.  Мәселен қала бюджеті 1994 жылғы 1 млрд теңгеден бүгінде 450 млрд теңгеге жеткен. Тәуелсіздік жылдары қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 10 млрд теңгеден 654 млрд теңгеге дейін артты. Шымкент қаласының өнеркәсібі ел өндірісінің 2,5 пайызын құрап отыр. Отыз жылда шаһардың елді мекендерді көгілдір отынмен қамту көрсеткіші артып отырғанын айта кеткен жөн.  

Атап айтқанда былтырғы жылы Шымкентте газ саласына қатысты 2 нысанның құрылысы аяқталды. Олар – Тұран және Асар-2 магистралды газ құбырлары. Нәтижесінде табиғи газбен қамту көрсеткіші 92,2 %-ға жетті. Қазіргі таңда 81 елдімекеннің қырқының тұрғындары табиғи газбен толық, 33 елдімекен жартылай қамтылған. Ал Тұран, Көкбұлақ, Ақтас, Батыс, Қайнарбұлақ, Тәуелсіздікке – 20 жыл, Айкөл және 276-орам секілді сегіз елдімекен тұрғындары әзірге көгілдір отынсыз отыр. Осы олқылықты жою үшін энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан ағымдағы жылы  бір газ станциясы салынып, екі магистралды газ құбыры тартылуда (АГРС-3). Сондай-ақ, Алтынтөбе және Бадам тұғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатындағы құрылыс жұмыстары аяқталған болатын.

Жауапты мамандар жыл соңында бір газ станциясы, екі  магистралды құбыр іске қосылып, бес елдімекендегі 11 мыңнан астам адам табиғи газбен қамтылады деп жоспарлап отыр.