Үлгілі мемлекеттік қызметші

Screenshot_1.jpg

Ұйымдастыру бөлімі мекеменің жүрегі іспетті. Өйткені, мекеменің алдағы, күнделікті жұмыс жоспарларын жасау, атқарылып жатқан жұмыстарды саралау, түсіп жатқан ақпараттарды, өтініштерді, арыз-шағымдарды талдау, жауаптардың уақытында берілуін қадағалау, басқа да түрлі шараларды ұйымдастыру, бөлімдердің жұмыстарын үйлестіру деген сияқты жауапкершілігі мол міндеттерді атқару оңай шаруа емес. Ол сол бөлімде істейтін әр маманнан аса біліктілікті, ұйымдастырушылықты, білімділікті, тиянақтылықты, қабілеттілікті талап етеді. 

Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз ұйымдастыру жұмыстарының барлық сатыларынан өткен, ұйымдастыру бөлімінде он төрт жылдан бері үзбей қызмет етіп, өзін білікті, тәжірибелі маман ретінде танытқан жан – Зәуре Әбіләкімқызы Азнаева. 

Сонау 2009 жылы облыстық департаменттің эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің табалдырығын имене аттап келген жас маман бүгінде Шымкент қаласының сан.итариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Абай аудандық басқармасында қызметті жоспарлау және талдау бөлімінің басшысы. 

Басқарманың барлық тыныс-тіршілігін жетік білетін білікті маман он төрт жылдан бері ұйымдастыру жұмыстарының қазанымен біте қайнап келеді, шыңдалған, ұйымдастырушылық қабілетімен танылған білімді жан. Басқармалардың арасында бөлімді ұзақ уақыттан бері басқарып келе жатқан маманның бірі. Өз міндетіне жауапкершілікпен, ұқыптылықпен, ыждағаттылықпен, сауаттылықпен қарайды, қарамағындағы мамандардан да осындай қасиеттерді талап етеді. Жоғарыдан, басшылық тарапынан берілген тапсырмалардың мезгілінде орындалуын, тұрғындардың өтініштері мен шағымдарының заң аясында уақытында қаралып, жауап берілуін, жоспарда көрсетілген шаралардың дер кезінде атқарылуын қадағалап, орындалуын назарынан тыс қалдырмаған. 

Үйренуден, білмегенін сұраудан, ізденуден еш тартынған емес. Сол қасиеттерінің арқасында бүгінде биік шыңнан көрініп келеді. Ұжымында сыйлы, әріптестері ерекше құрмет тұтады, жас болса да жаңадан келген мамандардың ұстазы атанып отыр. 

Еселі еңбегі ескеріліп, министрлік, департамент, әкімдік тарапынан бірнеше «Алғыс хаттармен», грамоталармен марапатталған Зәуре Әбіләкімқызының тынымсыз қызметіне толағай табыс тілеп, еңбегің жана берсін дейміз!

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Үлгілі мемлекеттік қызметші
Кейінгі: Көптеген