«Індетпен күресу – мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың борышы»

Screenshot_10.jpg

«Елім үшін егілемін» азаматтық штабының өкілдері Шымкенттегі  жұмыс сапарын қорытындылады. ҚР Премьер-Министрі орынбасарының баспасөз хатшысы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев және Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникация орталығында баспасөз брифингін өткізді. Жиынға белгілі эпидемиолог маман Айнагүл Қуатбаева Нұр-Сұлтан қаласынан Zoom конференциясы арқылы онлайн қосылды.

Ержан Халиұлы коронавирус пандемиясымен күресу мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың да борышы екеніне тоқталып, бұл тұрғыда вакцина алудың  маңыздылығына тоқталды.

– Еліміз бойынша коронавирусқа қарсы вакцина алу науқаны ақпан айында басталды. Осыған орай азаматтық штаб құрылып, оның мүшелері елдің әр өңірін аралап жүр. Мұндағы мақсат – вакцинаға қатысты жекелеген азаматтардың ғана емес, жалпы байланыс платформалары арқылы көпшіліктің  сауалдарына жауап беру, екпе алу туралы түсіндіру. Мысалы, өткен тәулікте еліміз бойынша вирус жұқтырған деген күдікпен тіркеуге алынған азаматтардың 98 пайызы вакцина алмаған. Бұл тұста есте ұстайтын жайт – вакцина вирустан толық қорғамайды, тек вирус жұққан жағдайда жеңіл өтеді. Ал ревакцина жоспар бойынша қараша айының үшінші онкүндігінде басталады деп жоспарлап отырмыз, – деді Ержан Байтанаев.

Штаб өкілі векторлы вакцина алған азаматтар 9 айдан кейін инактивті екпенің 1 дозасын, ал инактивті вакцина алған азаматтар 6 айдан кейін векторлы вакцина ала алатындарын айтты. Ал Phiser вакцинасын өндірушілермен келіссөз жүріп жатыр. Сәтті аяқталса, ол вакцина жылдың IV тоқсанында жеткізілуі мүмкін.

Ержан Қалиұлының айтуынша, еліміздің 11,4 млн азаматы вакцина ала алады. Мамандар екпе алудың нәтижесі бойынша жаздағы эпидемиологиялық жағдайға қарағанда күздегі ахуалдың едәуір жақсарғанын алға тартты.

Брифинг барысында штаб өкілдері БАҚ тілшілерінің сұрақтарына жауап берді.

Нурлан Бектаев 

Серік Қосаев