Туберкулез ауруының алдын алудағы екпенің маңызы

Screenshot_1.jpg

Туберкулез - ауа-тамшыларымен таралатын және aғзағa туберкулез бактериялары түскенде дамитын қауіпті ауру. Көп жағдайда өкпені, кейде басқа да ағзаларды зақымдайды. Аурудың негізгі жұқтырушы көзі туберкулезге шалдыққан адам болып табылады.

Туберкулездің алдын-алу шаралары:

 Жаңа туған нәрестелер 1-4 күн ішінде перзентханада туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасымен егіледі, егер нәрестеде медициналық қарсы көрсеткіштері бар болса, перзентханадан шыққаннан кейін екі айдың ішінде денсаулығы жақсарған жағдайда егіледі, ал 2 айдан асқан жағдайда Манту сынамасы жүргізіліп, нәтижесі теріс болған жағдайда БЦЖ вакцинациясы жүргізіледі. 6-7 жастағы 1 сыныпқа баратын балаларға Манту сынамасының нәтижесі теріс болған жағдайда, БЦЖ ревакцинациясы (қайта егу) жүргізіледі;

 14 жасқа дейінгі «Қауіп тобындағы» балалар (әлеуметтік жағдайы қолайсыз отбасынан шыққан және екі аптадан астам ұзақ жөтелу белгілері бар балалар, әр түрлі аурулардың себебі бойынша диспансерлік бақылауда тұрған балалар, жабық оқу орындарындағы, вакцинацияланбаған және вакцинациядан кейінгі тыртығы өнбеген, гормондық терапияны қабылдайтын, иммундық супрессивті терапияны алатын балалар), сонымен қатар туберкулез ошақтарындағы балалар мен жасөспірімдер арасында Манту сынамасы жылына 1 рет жүргізіледі.

Манту сынамасы дегеніміз не?

 Манту сынамасы бұл екпе (прививка) емес, жай ғана аллергиялық сынама. Манту сынамасы балалар арасында туберкулез ауруын ерте анықтау және БЦЖ екпесін қайта егу үшін іріктеу мақсатында салынады.

БЦЖ дегеніміз не?

· БЦЖ вакцинасы – бұл тірі вакцина, құрамында әлсіздендірілген туберкулез таяқшалары бар, ол баланың ағзасындағы иммунитетті ынталандырып ағзаның қорғаныш реакциясын күшейтеді. Әлсіздендірілген туберкулез таяқшалары ауру туғызуға қабілетсіз, БЦЖ екпесі қауіпсіз. БЦЖ екпесін еккеннен кейін ағзада маңызды қайта құрылым орын алып, одан кейін ағзада туберкулез ауруына қарсы тұрақтылық пайда болады, мұндай ағзаның тұрақтылығын иммунитет деп атайды. БЦЖ балалардың ағзасын туберкулездің асқынған жағдайларынан сенімді қорғайды.

Есіңізде болсын, ерте анықталған туберкулез ауруы – айығып кетудің бірден бір кепілі. Өз денсаулығыңыз өз қолыңызда!!!

Ә.Төлебаев , Шымкент қаласы

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің

сапасы мен қауіпсіздігін бақылау

департаментінің басшысы