Ауруханалар Түркия тәжірибесімен салынады

Биртанов.jpg

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында мәлімдеді.

 

– Ағымдағы жылғы сәуірде менің төрағалығыммен ҚР Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің өкілдерімен бірлесіп, Түркияда сәтті іске асырылып жатқан мемлекеттік-жекешелік әріптестік моделін зерделедік. Түркияның 2010-2023 жылдарға арналған МЖӘ-сі госпитальдық бағдарламасы жалпы қуаты 44 мыңнан астам төсектік 32 ірі көпбейінді аурухана салуды қамтиды. Бағдарлама халықаралық қаржы институттарының қаржылық және консультативтік қолдауымен іске асырылады, – деді министр.

 

Бұл бағдарлама жетістігінің факторларына тоқталсақ, нысандарды салу жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Өз кезегінде нысан пайдалануға берілгеннен кейін, салынған қаражатты мемлекет 25 жыл ішінде қолжетімділік үшін ақы төлеу арқылы қайтарады және жекеше әріптес көрсететін медициналық емес қызметтерге ақы төлейді. Инвесторға валюталық тәуекелден және инфляция тәуекелінен қорғауға кепілдік жасалған, сондай-ақ жобалық қуаттың 70 пайыз деңгейінде қызметтердің ең аз көлеміне кепілдік берілген.

 

Түрік тарапы ұсынған талдау мемлекеттік құрылыспен салыстырғанда нысандар мерзімінде құрылатынын, нысандардың сапасы мен жарақтандырылуы заманауи талаптарға сәйкес келетінін, аурухананың барлық процестеріне үздіксіз қызмет көрсетуді қамтамасыз ететінін көрсетті. Келісімшарт бойынша ақы төлеу жекеше әріптестің 600 сапалы индикаторын орындау ескеріле отырып, жүзеге асырылады.

 

– Тараптардың тәуекелдерін бөлуге мүмкіндік беретіндіктен, бұл схема әлемдегі барынша кеңінен тараған. Осыған байланысты, бірінші кезеңде қанатқақты жобалар ретінде Қарағанды, Алматы, Петропавл және Нұр-Сұлтан қалаларында 5 ірі көпбейінді медициналық кластерді іске асыру ұсынылады. Бұл нысандар әлеуметтік маңызды және басым бағыт болып саналады, – деді Е. Біртанов.

 

Осыған байланысты министр Түркия тәжірибесі аясында инфрақұрылымдық модель бойынша МЖӘ жобаларын іске асыру үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.

 

 курылыс.jpg

1,3 трлн теңге инвестиция қажет

 

Министрдің айтуынша, соңғы үш жылда өңірлер жалпы сомасы 52 млрд теңгеге 111 денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асырды. Конкурстық рәсімдерді өткізу сатысында тағы да 93 жоба бар, 83 жоба әзірлеу сатысында. Өңірлер басымдықпен амбулаториялық-емханалық қызмет нысандарын салу және оны пайдалануға беру бойынша жобаларды, сондай-ақ медициналық техникамен жарақтандыру бойынша жобаларды іске асыруда.

 

– Өңірлердің әкімдіктері бекіткен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың перспективалық жоспарларына сәйкес, 2025 жылға дейінгі инвестицияларға қажеттілік 1,3 трлн теңгеден астам қаржыны құрады. Амбулаториялық-емханалық және стационарлық нысандар құрылысының жобаларын іске асыру үшін медициналық қызметтер үшін тарифті төлеумен «сервистік МЖӘ» моделін, сондай-ақ нысанды мемлекеттік меншікке берген жағдайда инвестицияларды өтеумен келісімшарттарды пайдалану ұсынылады, – деді Е. Біртанов.

 

Оның пайымынша, жеткілікті қаражат мөлшерін генерациялауға қабілетсіз жобалар бойынша мемлекеттік бюджеттік қаржыландыруды пайдалану қажет. Ірі ауруханалар инфрақұрылымдық МЖӘ тетігі бойынша іске асырылатын болады.

 

– 2019 жылғы маусымның соңына дейін өзектендірілген Өңірлік даму жоспарлары негізінде 2026 жылға дейінгі ҚР Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспары бекітілетін болады. Осылайша, инфрақұрылымды дамытудың перспективалық жоспарлары халықтың іс жүзіндегі қажеттілігіне сәйкес келетін стратегиялық жоспарлау құралы болды, – деді министр.

 photo_247042.JPG

 

6300 жас маман жіберіледі

 

Медициналық кадрлар тапшы елді мекендерге, әсіресе ауылдарға алдағы уақытта 6300 жас маман жіберіледі. Үкіметтің баспасөз орталығында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша өңірлерге жасаған жұмыс сапарларын қорытындылаған министр осылай деді.

 

– Ең басты үлкен мәселе – кадрлардың жетіспеушілігі. Шынында да, медициналық қызмет сапасының төмендеуіне көп жағдайда медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі себеп болып жатады. Кейбір елді мекендерде, әсіресе ауылдарда учаскелік дәрігерлер ауыр – екі есе жүктемемен жұмыс жүргізуде. Бұның арты әлбетте, медициналық қызмет сапасының төмендеуіне алып келеді. Сол себепті, бұл ретте қандай мәселелер қолға алынады? Ең алдымен, осы жылдан бастап 10 ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарынан 6300 медицина қызметкері оқуын бітіріп шығады. Бүгінгі таңда жаңа заңнамаға сәйкес, олар нақты медициналық ұйымдарға жіберіледі. Жас мамандарға үш жылдық міндетті еңбек жүктеліп отырғанын айта кету керек. Ең алдымен, бұл ретте ауылды жерлердегі медициналық ұйымдардың қажеттілігіне мән береміз, – деді ол.

 

Министр кадр мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органдармен тиісті жұмыстар жүргізілгенін тілге тиек етті.

 

– Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларына талдау жұмыстары жүргізілді. Түлектерді белгілі бір ауылға бекіту жұмыстары аясында міндетті түрде мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болады, – дейді Біртанов.

 Диагноз газеті