Ішек инфекцияларынан қалай қорғануға болады?


Жаз мезгілінде және маусымаралық кезеңде жедел ішек инфекцияларымен ауру қаупі артады. Ең кең таралған аурулардың бірі – сальмонеллез. Бұл инфекция ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін, әсіресе балалар мен егде жастағы адамдар үшін қауіпті. Алайда қарапайым алдын алу шараларын сақтау арқылы бұл аурулардың алдын алуға болады.

Жедел ішек инфекциялары дегеніміз не?

Жедел ішек инфекциялары (ЖІИ) – асқазан-ішек жолдарын зақымдайтын аурулар тобы. Олар іш өту, құсу, іштің ауыруы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік және ағзаның сусыздануымен сипатталады. Қоздырғыштары бактериялар, вирустар және басқа да микроорганизмдер болуы мүмкін.

Сальмонеллез – Salmonella тобына жататын бактериялар қоздыратын жұқпалы ауру. Көбінесе жұқтыру тағам арқылы жүреді. Ауру жеңіл түрде өтуі мүмкін, бірақ кей жағдайларда медициналық бақылауды қажет етеді.

Жұғу жолдары:

- Ластанған тағам өнімдерін пайдалану (ет, құс еті, жұмыртқа, сүт өнімдері);

- Тағамды жеткіліксіз термиялық өңдеу;

- Сапасыз немесе қайнатылмаған суды пайдалану;

- Жеке гигиена ережелерін сақтамау;

- Науқас адаммен немесе ластанған заттармен байланыс.

Алдын алу шаралары:

1. Қолды үнемі сабынмен жуу.

2. Тағамдарды толық термиялық өңдеуден өткізу.

3. Өнімдерді дұрыс сақтау және жарамдылық мерзімін бақылау.

4. Қауіпсіз ауыз суды пайдалану.

5. Ас үйде тазалық сақтау және шикі мен дайын өнімдерді бөлек сақтау.

6. Ауру белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге уақтылы қаралу.

Ішек инфекцияларының алдын алу – әр адамның жауапкершілігі. Санитарлық талаптарды сақтау халық денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.

М.Ә.Баяни,

Абай ауданының СЭББ бас маманы