Дерматомикоздан сақтану жолдары
Дерматомикоздар – адамдар мен жануарларда паразиттік тіршілік ететін дерматофит саңырауқұлақтары тудыратын тері аурулар тобы, ол халық арасында теміреткі деген атпен белгілі. Теміреткінің ең көп таралған түрі: микроспория және трихофития. Ересек адамдар да, балалар да дерматомикозбен ауырады, аурушаңдық деңгейінің өсуі күз-қыс айларында байқалады.
Саңырауқұлақтар дененің тегіс терісін, бас терісін, тырнақ, шап аймағының терісін, аяқтың өкше бөлігін, бет терісін зақымдайды. Инфекция көзі ретінде ауру адамдар, үй жануарлары болып табылады. Ауру көздері көбінесе теміреткіні жұқтырған мысықтар мен иттер, әсіресе қаңғыбас жануарлар болып табылады. Ауру қоздырғышы бар науқастың бас киімін, төсек жамылғылары мен іш киімін, сүлгісін, тарағын пайдаланғанда жұғады. Аурудың инкубациялық кезеңі 1 аптадан 1 айға дейінгі аралықты құрайды.
Дүкеннен киім сатып алмас бұрын, балалар мен ересектер оның өлшемі мен түсіне сәйкес келмейтініне күмәнданып, оны киіп көреді. Осы ретте біз тіпті киімдерді бізге дейін ондаған, тіпті жүздеген адамдар кигенін ойға да алмаймыз. Дүкенде киімдерді киіп көру арқылы адамдар дерматомикоздар ауруларын жұқтыруы мүмкін.
Алдын алу:
- жеке гигиена қағидаларын сақтау; киім мен аяқ киімді таза ұстау, өзге адамның аяқ киімі мен киімін кимеу, басқа біреудің тарағын қолданбау;
- қоғамдық орындарға барып келгеннен соң қолды мұқият сабынмен жуу, моншаға немесе саунаға барған кезде жабық резеңке аяқ-киімдерді пайдалану;
- дүкендерді аралап келгеннен кейін жуыну керек, дүкендерді аралағанда киген киіміңізді жуып алу керек, сатып алған жаңа киіміңізді киер алдында жуу;
- үй жануарларын ұстағаннан кейін қолды сабындап жуу, үй жануарларын, иттерді, мысықтарды мал дәрігерінің тексеруінен өткізу;
- бөтен адамдардың бас киімдерін, тарақтарын, киімдерін, сүлгісін пайдаланбау;
- спорттық кешендерден, шаштараздардан келгеннен кейін міндетті түрде жуу.
Егер теріде және бас терісінде бөртпелерді байқасаңыз, дер кезінде диагноз қою және тиісті ем алу үшін медициналық ұйымдардың көмегіне жүгінуді ұсынамыз. Кез келген ауруды емдеуден гөрі алдын алу оңай.
Н.НЫШАНОВ,
Түркістан облысы СЭБД басшысы
