Көкжөтел ауруы
Көкжөтел - бактерия қоздыратын жедел жұқпалы ауру. Ол ұзаққа созылатын, пароксизмальді (ұстамалы) жөтелмен және тыныс алу жүйесінің зақымдануымен сипатталады. Ауру әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар үшін қауіпті, алайда екпе алмаған немесе иммунитеті әлсіреген ересектерде де кездесуі мүмкін.
Инкубациялық кезеңі 4-6 (көбінесе 5-8 созылуы мүмкін) күнен 3 аптаға дейін созылады. Ағзаға енген бактериялар көбейіп, тыныс алу жолдарының шырышты қабығын зақымдай бастайды. Ауру суық тию белгілеріне ұқсас болады, мұрыннан су ағу, құрғақ, жеңіл жөтел, дене қызуының сәл көтерілуі (жиі 37,5°C шамасында), жалпы әлсіздік, осы кезеңде көкжөтел аса қауіпті емес, бірақ адам айналасындағыларға өте жұқпалы болады. Аурудың негізгі белгісі – ауыр, ұстамалы жөтел пайда болады. Жөтелдің ерекшеліктері ұзаққа созылатын жөтел ұстамалары (бірнеше минутқа дейін), жөтел кезінде "ысқырықты" дыбыс (реприз), бала жөтелгенде беті қызарып, көгеріп кетуі мүмкін, жөтелден кейін құсу байқалуы мүмкін, ұйқының бұзылуы, әлсіздік.
Қоздырғыштың берілуі инфекция жұқтырған адаммен тығыз байланыста болған кезде ауа-тамшылы жолмен жұғады.
Алдын алу шаралары: көкжөтел вакцинациямен басқарылатын инфекциялар қатарына жатады. ҚР Ұлттық егу күнтізбесінде сәйкес балаларға 2, 3, 4, 18 айлығында және 6 жаста мезгіл-мезгіл дені сау кезінде көкжөтелге, дифтерияға, сіріспеге қарсы біріктірілген вакцина егіледі. Қоршаған ортаға жұқпаны таратпау үшін науқасты дер кезінде оқшаулап, дәрігерге жүгінген қажет. Науқас адаммен қарым-қатынасты шектеу, ауаны жиі желдету және ылғалды тазалау.
Көкжөтел – өте жұқпалы ауру, әсіресе балалар үшін қауіпті. Алдын алудың негізгі жолы – уақытында екпе алу. Егер балада қатты жөтел пайда болса, уақыт өткізбей дәрігерге қаралу қажет.
Ш.КӨКЕБАЕВА,
Тұран ауданы СЭББ бас маманы