Вакцинациялаудың маңызы
Вакцинация денсаулық сақтаудың ең үлкен жетістіктерінің бірі және халықтың денсаулығын сақтау мен өмір сүру ұзақтығын арттырудың маңызды құралы болып табылады. Иммундау миллиондаған адамның өмірін сақтап қалады және денсаулық сақтау саласындағы ең тиімді және қауіпсіз шаралардың бірі ретінде кеңінен танылды.
Вакцинациясыз біз түрлі ауыр дерттерге, соның ішінде қызылша, көкжөтел, менингит, тырысқақ, полиомилит және т.б. ауруларына шалдығуымыз мүмкін. Бұл аурулардың көбі аса қауіпті. Вакцинацияның екі негізгі маңызды себебі, ол өзіңізді қорғауға және басқаларды қорғауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасында әр бір адам Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі «Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесін, екпелерді жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және халықтың профилактикалық екпелерге жататын топтарын бекіту туралы» № 612 қаулысымен белгіленген мерзімінде тізбе бойынша жоспарлы профилактикалық екпелерді алуға құқылы. Инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық екпелер Республикалық бюджет қаражаты және жергілікті бюджет қаражаты есебінен алынады және арнайы оқып-дайындалып, рұқсат алған медициналық қызметкерлер әр егілушіге тегін, дені сау кезінде тіркелген бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін мекемедегі егу бөлмесінде жүргізеді.
I. Республикалық бюджет қаражаты есебінен инфекциялық ауруларға қарсы.
1) жоспарлы түрде адам папиломасы вирусын туғызатын инфекцияға қарсы 11 мен 11,5 жастағы қыздарға 6 ай аралығымен 2 рет;
2) эпидемиологиялық көрсетіліммен коронавирус инфекциясына қарсы.
II. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен инфекциялық ауруларға қарсы:
1) жоспарлы түрде міндетті профилактикалық екпелер:
- туберкулезге 1-4 күн;
- "В" вирусты гепатитке: 1-4 күн, 2 ай, 4 ай;
- полиомиелитке 2 ай, 3 ай, 4 ай, 12-15 ай, 18 ай;
- көкжөтел, дифтерия, сіреспеге 2 ай, 3 ай, 4 ай, 18 ай, 6 жас (1 сынып);
- b типті гемофильдік инфекцияға (Hib): 2 ай, 3 ай, 4 ай, 18 ай;
- пневмококк инфекциясына 2 ай, 4 ай, 12-15 ай;
- қызылша, қызамық, эпидемиялық паротитке 12-15 ай, 6 жас (1 сынып);
- "А" вирусты гепатитке 2 жас 6 ай аралықпен екі рет;
- Дифтерия, сіреспеге 16 жас және әр 10 жыл сайын.
Эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық екпелер:
"А" вирустық гепатиті, "В" вирустық гепатиті, дифтерия, көктемгі-жазғы кене энцефалиті, күйдіргі, құтырма, қызылша, қызамық, оба, сіреспе, туляремия, тұмау, іш сүзегі, эпидемиялық паротит.
Вакцина тек бір адамды ғана емес, оны қоршағандарды да қорғайды. Егер көп адам екпе алған болса (адамдардың 90-95 пайызы) ұжымдық иммунитет қалыптасады. Әрбір адам өз денсаулығы мен қоғамның қауіпсіздігі үшін вакцинаның маңыздылығын түсінуі керек. Тиісті вакциналарды уақытылы алу арқылы біз қауіпті аурулардың таралуын алдын аламыз.
Ш.КӨКЕБАЕВА,
Тұран ауданы СЭББ бас маманы