Жарақаттан келер қауіп көп
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Түркістан қалалық балалар ауруханасында жазғы демалысқа шыққан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында апталық өтуде. Апталық «Дәрігер – балалардың жанашыры» атты ашық есік күнімен басталды. Бұл күні қауіпсіз балалық шақ мектебінде «Жаз мезгіліндегі судағы қауіпсіздік», «Жолдағы тәртіп ережелері», «Биіктіктен құлаудың алдын алу» бойынша балалар мен ата-аналарға дәрістер ұйымдастырылды. Өз кезегінде аурухана бөлімдерінің дәрігерлері маңызды кеңестерімен бөлісті.
Жазғы демалыс басталысымен балалардың жарақат алу жағдайлары жиілейді. Травматология бөлімшесінің меңгерушісі Бекжан Қожахметовтың айтуынша, бұл кезеңде жол-көлік оқиғасы, тұрмыстық, көше, спорттық жарақаттар мен күйік, суға бату жағдайлары күрт көбейеді.
– Балалардың велосипед, электросамокат, мопед сияқты қозғалыс құралдарын жиі пайдалануына байланысты құлау, жарақат алу оқиғалары артып отыр. Оның басты себебі – қала жолдарының тарлығы мен көліктің көбеюі. Облыс орталығы болғалы бері көлік қозғалысы күрделене түсті. Балалар жолда жүру ережесін сақтамайды, құлаққап киіп, айналасына қарамай көшені кесіп өтеді. Өздеріңіз күнделікті көріп жүргендей, балалар электросамокат пен мопедті тым ерте тізгіндеген. Мысал ретінде айта кетейін, бөлімімізге Ески Иқан ауылынан 12 жасар бала аяқ-қол сынықтарымен түсті. Мопедке мініп інісін балабақшадан алып қайтпақ болғанда жолда көлік соғып кеткен. Аяқ-қол жарақаты ауыр дәрежеде болды, тиісті көмегімізді көрсетіп, шүкір, баланың жағдайы бері қарады. Осы ретте не деуге болады: ата-ананың салғырттығы ма, мопед айдап жол ережесін сақтамауы ма, жүргізушінің асығып өтіп кетуі ме? Мәселе ережені елемеудің салдарынан туындап жатыр. Жастар қала көшелерінде тіпті волосипед айдаудың өзіндік тәртібі барын біле бермейді. Қазіргі таңда балалар демалысқа шығып, қаражат тапқысы келеді, ал тағам жеткізуші жеткіншектердің жасы небәрі 16-да. Олар жол ережесін білмей, көлік арасынан сытылып өтуге тырысады. Бұл – өте қауіпті. Мопедтен жарақат алу ауыр қосарланған жарақаттармен – бас-ми жарақаты, аяқ-қолдың сынуы, өкпе мен ішкі ағзалардың зақымдануымен аяқталады. Мопедпен соқтығысқан балалар тек құлап қана қоймайды, ұшып түсіп, қатты жарақат алады. Өкінішке қарай, ауыр жарақаттан мүгедек болып қалғандар да, тіпті көз жұмғандар да бар. Былтыр жол-көлік оқиғасы салдарынан 70 бала ауруханаға түссе, биыл бұл көрсеткіш 100-ден асып кетті. Осы орайда балаларға ғана емес, жүргізушілерге де ескерткім келетіні: көлік жүргізіп келе жатып, тек бір секундқа телефонға үңіліп үлгерсеңіз, бір өмірге, бір тағдырға жауапты болатыныңызды ұмытпаңыз. Сақтық – баршамызға ортақ.
Қазіргі таңда, өздеріңіз білесіздер көп қабатты үйлер алдында, басқа да жерлерде ойын алаңдары көп, бұл қуантарлық жәйт болғанымен, қауіпсіздікті сақтау, оны кішкентайларға түсіндіру ешқашан артық етпейтінін ұмытпаған жөн. Балалар сол жерде көп ойнайды, сол себепті құлап, соғылып, жарақат алып жатады. Жазатайым оқиғаға кішкентай бүлдіршіндер ғана емес, ересек балалар да ұшырайтыны анық, яғни спорттық жарақаттар да жиі тіркелуде. Балалар жаттығуда немесе жарыста дұрыс сақтанбаса, сіңір созылып, сүйек сынуы, буын шығуы сияқты жарақаттар алады, – дейді дәрігер.
Су жаздың сергітер серігі болғанымен, қауіп те сол жерде. Бассейндер мен суға шомылу орындарында балалардың қараусыз қалмауы өте маңызды.
– Жаз басталғаннан алаңдатарлық мәселенің бірі – балалардың суға түсуі, күннің ыстығына шыдамай, үйлеріне ескертпей каналдарға, рұқсат етілмеген орындарға барып шомылуы. Қаншама өкінішті оқиғалардың орын алғанын талай естігендеріңіз бар. Мұндағы ескеретін жәйт – үлкендердің балаларды қараусыз қалдырмауы. Тіпті есік алдына орнататын бассейндерді өте сақтықпен қолдану керек. Сондай жағдайлардың бірі былтыр тіркелді. Ауладағы бассейнде үлкендермен бірге 3 жасар бала да суға түсіп, асыр салып ойнаған. Кейін ересектер үйге кіріп кетіп, кішкентай баланы ұмыт қалдырған. Үй ішімен шулап іздегенде бәрі де кеш болған. Сондықтан баланы қараусыз қалдыруға болмайды, – дейді Б.Қожахметов.
Айта кетерлік тағы бір мәселе – соңғы кезде ит қабу оқиғалары да артып отыр. Жыл басынан бері осы уақытқа дейін 80 баланы ит қауып, тіркелген. Көшеде қаңғыбас иттер көп, әсіресе ашық алаңдарда, Оралмандар ауылы деп аталатын жақта. Мұндай жағдайда ветеринарлар тістеген итті тексеріп, құтырған-құтырмағанын анықтайды. Ал дәрігерлер, терең жарақат болса, профилактика ретінде екі түрлі вакцина – спеда және эквирап вакцинасын енгізіп, асқыну жолдарының алдын алады. Сондай-ақ құтырудың алдын алу үшін антирабиялық вакцина егіледі. Одан кейін бала тіркелген емханасында бақылауда болады, вакцинация жалғасады.
– «Сақтансаң, Құдай сақтайды» деген. Бұлай деуімнің себебі бөлімде түрлі жарақатпен жатқан балаларды көп. Олардың арасында күйікке шалдыққандар да аз емес. Бұлардың басым бөлігі ата-аналардың абайсыздығынан, тіпті салғырттығынан жарақат алғандар деуге болады. Тефаль шәйнектерін, қайнаған су толы ыдысты, химиялық тұрмыстық заттарды балалардың қолы жететін жерге қоя салады. Нәтижесінде балалар күйіп қалады. Қазіргі таңда үйде қолданылатын химиялық заттардың әсерінен балалардың күйік ауруына шалдығып келіп жатқандары да бар. 2023-2024 жылдар аралығында 32 бала күйік ауруына шалдығып келді. Оның ішінде 5 науқас мүгедектікке ұшырады. Яғни, тұрмыста қолданылатын (Азелит қазан жуғышы, уксус) ерітінділерін балалар абайсызда ішіп қойып, ауыз, жұтқыншақ, өңеш күйігіне шалдығып жатады, – дейді травматолог.
Осындай көптеген оқиғаларға қанық болғаннан кейін, жарақат алған баланың жанында болғанда көрсетілетін алғашқы көмектің аса маңызды екені белгілі.
Бала мопедтен, скутерден немесе биіктіктен құлап жарақат алған жағдайда ең бірінші қозғалған қалпын сақтау, иммобилизация жасау, жарақат алған жердің қауіпсіз екеніне көз жеткізу қажет. Екінші – ауру сезімін басу керек. Себебі ауырсынуды азайтпаса қатты қорқып шок жағдайына түсуі әбден мүмкін. Үшіншісі – қанды тоқтату, бинтпен немесе сол жерде қолжетімді киіммен таңып тастау. Осыдан кейін барып қана ауруханаға немесе жақын маңдағы медициналық пунктке жеткізу қажет.
Сондай-ақ балаларға уақыт бөліп, оларға жол ережесін күнде қайталап үйрету керек. Баланың аты бала, ойнап кетеді, бір сәтте көз жазып қаласың, дегенмен ережелерді айтып, түсіндіргенде бірі болмаса бірінің пайдасы тиетіні анық. Мысалы, жасыл түс жанып, жүруге рұқсат болғанның өзінде алдымен жан-жағына қарап өтуді айта берген жөн. Ойын алаңдарында абайлау, тоқтаусыз қуаласып ойнаудың, биіктен секіру салдарын ескерту. Канал, арықтарға суға түсуге барарда ескерту, тек ересектермен бірге түсуді, ағынды суларға бармауды үздіксіз айтып отыру. Самокат пен мопедтердің тек арнайы жолақпен жүру керектігі, қазір олар қызыл түспен боялып, арнайы белгілерімен көрсетіліп тұр, велосипед жолақтарының маңыздылығы туралы түсіндіру.
Сонымен қатар, үйде күйік, химиялық зат, электр жарақатынан қорғау – ата-ананың басты міндеті. Қауіпті заттарды баланың қолы жетпейтін жерде сақтау, ол жөнінде сол заттардың нұсқаулықтарында әрдайым жазылады. Балалардың амандығы үлкендердің ескертуінен, түсіндіруінен, сақтығынан басталады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің үндеуі бойынша облысымыздың медициналық ұйымдарында түрлі жоспарланған іс-шаралар өткізілуінінің басты себебі де осындай қауіп-қатерден сақтану үшін екенін естен шығармайық.
Сөз соңында айта кетейін, бұрын күрделі оталар жасатуға Алматы, Шымкент сияқты үлкен қалаларға жіберуші едік. Түркістан қалалық балалар ауруханасының басшысы, білікті кардиохирург Алмат Байсаловтың бастамасы мен қолдауының нәжижесінде ауруханаға түрлі медициналық аппараттар сатып алынғалы бері бұрын соңды болмаған оталар Түркістанда да жасалуда. Сонымен қатар, жыл сайын дәрігерлердің біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасып жатқан жайы бар. Бізге өзі жетекшілік ететін бөлімнің жұмысын таныстырған Бекжан Мұхтарұлы да көрші ел Ресейдің Санкт-Петербург қаласына барып, білім-біліктілігін жетілдірген. Нәтижесі көңіл қуантады...
Дамир РУСЛАН