Мархабат Байғұттың көркемдік әлемі

(Мархабат Байғұт шығармаларындағы өмір көрінісі, замана шындығы)

Қазақ прозасы – халқымыздың рухани жадын, қоғамдық болмысы мен әлеуметтік шындығын бейнелейтін құдіретті құрал. Осы жолда шындықты боямасыз көрсетіп, әдебиет тілімен дәл бейнелей алған жазушылардың бірі – Мархабат Байғұт. Оның «Шибөрінің бүргесі» атты әңгімесі – терең әлеуметтік астары бар, ащы сатира мен көркем иронияға негізделген шығарма.

Автор реализм мен сатираны, ирония мен символиканы шебер ұштастырған. Шығарманың басты кейіпкерлері – Мәнжу мен Қасқырбек – қоғамның ең төменгі табына жатқызылған, бірақ өздерінің де бұл жағдайдан шығуға ниеттері жоқ. Шығарманың негізгі ерекшелігі – біріншіден, автордың шынайы өмір бейнесін сатира арқылы терең әлеуметтік мәселелерді көтеруі, екіншіден, диалог арқылы кейіпкерлердің психологиясын ашып көрсетуі, үшіншіден, кедейлік проблемасын тек материалдық деңгейде ғана емес, рухани дағдарыс деңгейінде қарастыруы.

Шығарманың басты тақырыбы – кедейлік. Кедейліктің басты себебі – жалқаулық, еріншектік. Мәнжу мен оның отбасы мүшелері өздерінің кедей екендігін біле тұра, одан шығуға тырыспайды. Қайта әлеуметтік жағдайының төмендігін арақпен жуып, жалқаулықпен ақтап отырады. Шығарманың кейіпкерлері әрекетке бармайтын, тағдырға мойынсұнған, «қалайда күн көру» деген түсінікті өмірінің ұранына айналдырған жандар. Мәнжудің отбасында үш адам: өзі, әйелі және бойдақ ұлы, малдан: мойындары сырықтай, мүйіздері құрықтай екі ешкісі мен арқа жүні ақшулан тартқан, ақсақ, кәрі қойы бар. Мәнжу Малайсариннің кедейшіліктен шығып, кембағалдықтан құтылып-ақ кетпекке әжептеуір мүмкіндігі бар еді. Бірақ өзінің жалқаулығы мен жауапкершілігінің жоқтығынан қара сиыры бұзаулай алмай қалды. Күз жаңбырлы болса да,  ауыл тұрғындарының пішендері құп-құрғақ сақталады. Ал Мәнжудің пішені қысқа қарата қарашіріктене іріп, қаңтардың басында қаязып қатты да қалды. Ақырында қара сиырдың жатырындағы жылбысқыны жалмап тынды. «Шибөрінің бүргесі» – астарлы символ. Бүрге – адамды шағып маза бермейтін жәндік. Ол – кедейліктің, енжарлықтың, рухани азғындықтың бейнесі. Бүргеден құтылудың жолы – таза өмір, әрекет, еңбек. Бірақ кейіпкерлер әрекет етпейді. Өйткені олар үшін тіршілік – әрекет емес, амал. Бұл – үлкен қасірет. Жазушы Мархабат Байғұттың бұл туындысы тек кедейлік туралы ғана емес, рухани құлдырау, әрекетсіздік пен масылдық мәселелерін тереңінен қозғайды. 

Жадыра ҚҰМАРОВА,

М.Өтемісов атындағы БҚУ студенті

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Мархабат Байғұттың көркемдік әлемі