Адам папилломасы вирусы туралы не білесіз?
Адам папиллома вирусы, әлемдегі ең көп тараған әрі ең қауіпті вирустардың бірі. Бүгінгі күні бұл онкогенді және жатыр мойнының және әйелдердің сыртқы жыныс мүшелерінің, ерлердің жыныс мүшелерінің, сонымен қатар шырышты қабаты бар басқа органдардың қатерлі ісігін тудырады.
Жатыр мойны қатерлі ісігі жатыр мойнының эпителиінде пайда болады. Бұл еліміздегі әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігінен кейін ең көп таралған онкология ауруы болып есептеледі.
Жатыр мойны қатерлі ісігі әлем бойынша әйелдер арасында жиі кездесетін онкология аурулары ішінде төртінші орында тұр.
АПВ-дан қалай қорғанамыз?
Адам папилломасы вирусы жыныстық жолмен беріледі. Сондықтан ол мектепте жыныстық сауат сағатын өткізудің маңызы зор. АПВ-дан қорғану үшін жыныстық әдепті сақтау керек. Адам папиллома вирусы организмге енгенімен, ешқандай айқын симптомы болмайды.
Бұл вирустың қауіпті тұсы да сол, адам оның бар екеніне күдіктенбей өмір сүре береді. Вирусты ерте немесе уақтылы анықтау мүмкін емес. Әйел организмінде вирустың бар-жоғын анықтау үшін тұрақты түрде скринингіден өтіп тұруы керек.
АПВ-ның алдын алу үшін тек жыныстық сауат ашу жеткіліксіз. Міндетті түрде вакцина салдыруы керек. Жоғарыда айтылғандай, бұл вирус ешқандай сипмтомсыз-ақ дами береді. Ал оның организмде бар екенін анықтағанша, вирус әлдеқашан қатерлі ісікке айналған болуы мүмкін. Дәл осы себептен сақтанып, вакцина салдырған дұрыс.
Аурудың алдын алудың ең маңызды және тиімді жолы - вакцинация.
АПВ-ға қарсы вакцинациялау жүргізілген елдерде әйелдердің жатыр мойны қатерлі ісігі статистикасында оң өзгеріс бар. Вакцинацияның тиімді екеніне Аустралия дәлел. Бұл ел алғашқылардың бірі болып 2007 жылы адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялауды қолға алды. Соның арқасында елдегі жатыр мойны қатерлі ісігімен ауыратындар саны 50%-ке дейін төмендеген.
Елімізде 2024 жылы күзден бастап АПВ-ға қарсы 11 жастағы қыздарды вакцинациялау бағдарламасы іске қосылды. Екпе мектептер немесе тіркелген мекенжайы бойынша емханаларда екпе кабинеттерінде тегін жүргізіледі. Вакцинация дәрігердің қарап тексеруінен кейін қарсы көрсетілімдер болмаса ата-аналарының немесе қамқоршыларының хабарланған ақпараттандырылған келісімімен 6 ай аралықпен 2 рет жүргізіледі.
Құрметті ата-аналар бүгінгі қыз – БОЛАШАҚ АНА!
Қыздарымыздың және аналарымыздың денсаулығын сақтау үшін АДАМ ПАПИЛЛОМА ВИРУСЫНА ҚАРСЫ ЕКПЕ АЛУҒА ШАҚЫРАМЫЗ!
Ш.КӨКЕБАЕВА,
Тұран ауданы СЭББ бас маманы