Туберкулезді бірге жеңеміз!

Туберкулез баяғы заманнан келе жатқан індет болғанымен, оның қысқа мерзімде жазылып шығу жолы табылмаған. Туберкулезбен ауырған адам емін бастағанға дейін жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде бактерияларды ауаға таратады және бұл аурумен кез келген адам ауруы мүмкін.

Screenshot_9.jpg

Сақтансаң, сақтаймын деген... Оқырмандардың назарына фтизиопульмонология орталығында емделушілердің басынан өткен оқиғаларын бөлісуді жөн көрдік.

Алмас Орынбаев (науқастың аты өз өтініші бойынша өзгертілді) 37 жаста. 5 баланың әкесі жылқы бағып, қыс ауасында аң аулаумен айналысады екен. Өз оқиғасын баяндай отырып, кейіпкеріміз көпшілікке ой салғысы келетінін жасырмады. 

– 2022 жылдың қараша айында әлсіздікті сезіне бастадым. Түнде ұйықтап жатып қатты терлейтінмін. 2 ай ішінде 10 келідей салмақ жоғалттым. Бірақ, дене қызуы, жөтел жоқ. Терім ақшыл тартып, бетім қызарып, әлсіздік күшейе берді. Аңға шығам, мал бағамын. Мен бұл белгілер жүйке жүйем шаршағаннан деп, досымның жеке дәріханасынан өз бетімше дәрі қабылдадым. Мұнымен ауру басыла қоймады. Наурыз айында қан түкірдім. Дәрігер боп жұмыс істейтін сыныптасыммен хабарласқанда, «тез арада анализ тапсыр» деді. Мен бірден қалалық ауруханаға келдім. Қан анализдері нашар шығып, рентгенге түсірді. Мамандар бірден «бұрын туберкулезбен ауырғансың ба?» деп сұрады. Менің «жоқ» деген жауабымнан соң, КТ-ға түсірді. Туберкулез бар деген күдік пайда болды. Екі күн қалалық емханада жаттым. Қақырық анализдері туберкулезге оң нәтиже берді. Содан мені Түркістан облыстық фтизиопульмонология орталығына жатқызды. Міне, 3 айдан бері ем қабылдаудамын. Жағдайым жақсарды. Менің түсінгенім, аурумен күресу кезінде адам ең алдымен өзіне сену керек. Мен туберкулез анықталғаннан бастап көп іздендім, ғаламтордағы бүкіл ақпаратты қарадым. Туберкулез ауруының тарихынан бастап, адамдардың оқиғаларын, дәрігер кеңестерін оқып шықтым. Және сол кеңестерді ұстануға тырыстым. Туберкулез әсерінен тамаққа да тәбет болмайды, ұйқы, жүйке бұзылады. Бірақ, өзімді қамшылай отырып, отбасыма «денім сау» болып оралу үшін күресу керектігін түсіндім. Мен мазам кеткеннен бастап 6 ай дәрігерге қаралмай жүрдім. Алланың құдіреті, менен туберкулез анықталғаннан кейін келіншегім мен 5 балаларымды тексергенде олардан туберкулез анықталмады. Өзім ауруды қайдан жұқтырғаным еш есіме түсіре алмадым, күдігім де жоқ. «Адам баласы өмірінде әйтеуір бір туберкулез таяқшасымен кездеседі» деп оқыдым, ғаламтор желісінде «имунитеті төмен адамның ауыру мүмкін» делінген. Мен солардың қатарынан болсам керек, – дейді пациент.

Алмас Орынбаев 3 ай ем алған соң, жалпы жағдайы жақсарып, рентген жақсы нәтиже көрсетіп, енді үйде емін жалғастырмақ. Ол толық айығу үшін дәрігерлер 1 жыл 8 ай ем схемасын тағайындап отыр. Өзі бастан өткерген қиын күндерін, туберкулез туралы күдіктенбей жүріп алғанын еске алып, өзгелерге сабақ болса деген ниетін білдірген ем алушымыздың өзгелерге берер кеңесі мынадай: «Туберкулез негізі жаман әдеттерге әуес жандарда ауру тудырады» деп оқыдым. Себебі олар, зиянды әдеттерімен-ақ өз ағзасын улауда. Ауырмай тұрып-ақ мен 5 уақыт намаз оқитынмын. Бір уақыт спортпен айналысып, пайдалы тағам жеп, жаман әдеттен аулақ болсам да... Алланың сынағы деп түсінемін. Егер 2 аптадан аса уақыт өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, туберкулезге күдіктеніңіз! Мен секілді 6 ай уақыт жүріп алмай, ауруды ерте анықтаңыз. Ерте анықталған аурудың емі аз уақытты алады. Туберкулез ерте анықталса, 6 айда емдеуге болады. Есіңізде болсын, туберкулезді емдеу тегін! «Дәрі тамағыңыз болмай тұрғанда, тамағыңызды дәрі қылыңыз» дегім келеді. Қазір мен күніне 11 дәрі қабылдаймын. Дәрі тамағым болып отыр. Ауруханаға жатып, ем қабылдап, қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлерге алғысым шексіз!» 

Туберкулезбен ауырған науқастарға тегін ем тағайындалады. Стационардан үйге шыққаннан кейін де мамандар науқастардың дәрілерді уақтылы қабылдап отырғанын, жалпы жай-күйін, дәрілерге жанама әсерін ем аяқталғанға дейін бақылап отырады. Дәрілер науқастың өкпесін емдей отырып, басқа органына жанама әсер ететін болса, оған да тегін ем қолданады. Егер туберкулез белгілерін байқасаңыз, тез арада дәрігерге көрініңіз. Бұл өз денсаулығыңыз үшін де, жақындарыңыз үшін де маңызды!

Туберкулез – өте қауіпті, жұқпалы ауру. Еліміздің әрбір азаматы туберкулезден сақтану жолдарын жеткілікті дәрежеде білсе, алдын-ала қаралып, уақытында анықталған жағдайда бұл кеселдің өсуіне, көбеюіне, таралуына жол бермес едік.

Айман ӘЛМЕН,

Түркістан облыстық физиопульмонология орталығының жүргізушісі, журналист

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Туберкулезді бірге жеңеміз!