КӨШБАСШЫ ӘЙЕЛДЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Кеше Түркістан облыстық мәслихатының «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жиынында 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі Жол картасының орындалуы және орындалмай қалу қаупі бар нысандар туралы мәселе талқыға түсті. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы сайлауалды бағдарламадағы Жол картасының жүзеге асуына жан-жақты тоқталды.«AMANAT» партиясының Хатшысы, Әйелдер қанатының жетекшісі Шолпан Каринова әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, гендерік теңдікті қамтамасыз ету және отбасы институтын нығайту, әйелдердің саяси көшбасшылығына қолдау көрсету мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық міндет екенін тілге тиек етті. Айта кетейік, «AMANAT» партиясының негізгі мақсаты – әйелдердің қоғамдағы рөлін күшейту, олардың әлеуметтік, экономикалық және саяси өмірге тең әрі белсенді қатысуына жағдай жасау. Партия әйелдердің құқықтарын қорғауды, әлеуетін толық ашуды және гендерлік теңдікті қамтамасыз етуді мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде қарастырады. Мемлекет басшысы II республикалық мәслихат депутаттарының форумында атап өткендей, өкілді билік органдарындағы әйелдердің саны өсті, сондай-ақ әйелдердің әртүрлі салалардағы бастамалары жан-жақты мемлекеттік қолдауға ие болуда. Партия мүшелерінің шамамен 60%-ын әйелдер құрайды. «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты партия мен әйелдер қауымдастығы арасындағы шынайы көпірге айналды. Бұл әрбір белсенді әйелдің дауысы естіліп, оның идеялары жүзеге асатынына кепілдік береді. Сонымен қатар Әйелдер қанаты қоғамдық-саяси пікірталастарға әртүрлі көзқарас пен тереңдік қосып отыр
Партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев жүргізген алқалы басқосуда фракция депутаттары 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты
