ЖҰҚПАЛЫ ЕМЕС АУРУЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ – ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ


Қазіргі таңда жұқпалы емес аурулар әлемдік денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Дүниежүзі бойынша өлім-жітімнің басым бөлігі дәл осы аурулардың үлесіне тиесілі. Жұқпалы емес ауруларға жүрек-қантамыр жүйесі аурулары, қант диабеті, қатерлі ісіктер, созылмалы тыныс алу жүйесі аурулары және басқа да созылмалы дерттер жатады. Бұл аурулар адамнан адамға жұқпайды, алайда олардың таралуына өмір салты, қоршаған орта және тұқым қуалаушылық факторлары әсер етеді.

Соңғы жылдары елімізде де жұқпалы емес аурулардың саны артып келеді. Бұған халықтың урбанизациялануы, қозғалыс белсенділігінің төмендеуі, дұрыс тамақтанбау, зиянды әдеттердің кең таралуы және күйзелістің көбеюі себеп болып отыр. Мұндай аурулар адамның өмір сүру сапасын төмендетіп қана қоймай, еңбекке қабілеттілігін азайтады және денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жүктеме түсіреді.

Жұқпалы емес аурулардың негізгі қауіп факторларының бірі – дұрыс тамақтанбау. Майлы, тұзды, тәтті тағамдарды шамадан тыс тұтыну артық салмақтың жиналуына, қан қысымының жоғарылауына және қант диабетінің дамуына ықпал етеді. Сондықтан күнделікті тағам рационында көкөністер мен жемістерді, дәнді дақылдарды, майсыз ет пен балық өнімдерін көбірек пайдалану ұсынылады. Сонымен қатар тұз бен қантты шектеп, таза суды жеткілікті мөлшерде ішу маңызды.

Дене белсенділігінің жеткіліксіздігі де көптеген аурулардың даму қаупін арттырады. Мамандар ересек адамдарға аптасына кемінде 150 минут орташа қарқынды дене жаттығуларымен айналысуға кеңес береді. Жаяу жүру, жүгіру, жүзу, велосипед тебу немесе қарапайым дене жаттығуларының өзі денсаулықты нығайтып, жүрек-қантамыр ауруларының алдын алуға көмектеседі.

Темекі шегу мен алкогольді шамадан тыс пайдалану жұқпалы емес аурулардың маңызды қауіп факторлары болып табылады. Темекі түтінінің құрамындағы зиянды заттар жүрек пен қан тамырларын зақымдап, өкпе обыры мен созылмалы тыныс алу жүйесі ауруларының даму қаупін бірнеше есе арттырады. Ал алкогольді шамадан тыс пайдалану бауырдың, жүрек-қантамыр жүйесінің және басқа да мүшелердің қызметіне теріс әсер етеді.

Жұқпалы емес аурулардың алдын алуда профилактикалық медициналық тексерулердің маңызы зор. Артериялық қан қысымын, қандағы қант пен холестерин деңгейін тұрақты бақылау ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Скринингтік тексерулерден уақытылы өту қатерлі ісіктер мен басқа да созылмалы ауруларды бастапқы сатысында анықтап, тиімді ем жүргізуге жол ашады.

Сондай-ақ психикалық денсаулықты сақтау да маңызды. Созылмалы күйзеліс жүрек ауруларының, қант диабетінің және басқа да дерттердің даму қаупін арттырады. Сондықтан еңбек пен демалыс режимін сақтау, жеткілікті ұйықтау және жағымды эмоцияларға көңіл бөлу қажет.

Жұқпалы емес аурулардың басым бөлігінің алдын алуға болады. Ол үшін әр адам салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанып, дене белсенділігін арттырып, зиянды әдеттерден бас тартуы тиіс.

Денсаулық – әрбір адамның ғана емес, тұтас қоғамның баға жетпес байлығы. Сондықтан аурудың алдын алу мәдениетін қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Т.Сермаңизов

Шымкент қаласының СЭБД басшысы