7 притон анықталды
Түркістан облысы әкімдігінің тапсырмасы бойынша, Полиция департаменті полицейлері жеңгетайлыққа, адам саудасына және басқа да құқықбұзушылықтарға қатысты қылмыстарды ашу, алдын-алу және ескерту бойынша тұрақты түрде жедел-профилактикалық іс-шара өткізіп отырады.
Сарыағаш қаласында жүргізілген жедел профилактикалық іс-шарасының қорытындысы бойынша полицейлер жергілікті 2 қонақүйден притонды анықтады. Жедел уәкілдер анықталған қонақүйдің біріндегі притоннан ақшалай сыйақы үшін интимдік қызмет көрсеткен жеңіл жүрісті төрт қызды анықтады. Олардың барлығы Өзбекстан Республикасының азаматтары.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері Сайрам ауданында да 2 жайтты тіркеді. Оның бірі сауна да болса, келесісі қонақүйден анықталды. Ал, бұл аудандағы қонақүйде 8 жеңіл жүрісті қыздар бар болып шықты. Оның біреуі Өзбекстан Республикасының азаматшасы болса, қалғандары жергілікті тұрғындар. Жоғарыда аталған притон мен жеңгетайлықты ұйымдастырған әйелдер де ұсталды. Осы ғимаратты жалға берген иесі жауапқа тартылып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 450-бабымен «Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну» хаттама толтырылды. Дәл осындай притон мен жеңгетайлық ұйымдастыру дерегі Мақтаарал, Қазығұрт, Жетісай аудандарында 1 жайттан анықталып, тіркеуге алынды.
Сондай-ақ, тәртіп сақшыларымен 30-дан астам жеңіл жүрісті қыздар және 10 тұлға «жеңгетайлықпен» есепке алынды. Барлық аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері ескертеді: егер де сіз адам саудасына қатысты қылмыстың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, қандай-да бір ақпарат білсеңіз, «102» телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз. Оған қоса, полицейлер жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастырғаны немесе ұстағаны үшін, сондай-ақ пайдакүнемдік мақсаттағы жеңгетайлық үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделгенін ескертеді.