Түркістан облысында жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда

Түркістан облысының Төлеби ауданында алдағы жылдары 35 ауылдың 205 шақырымдық ауылішілік жолдары жөндеуден өтетін болады. Сондай-ақ 20,8 шақырымдық аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Нәтижесінде 2025 жылға қарай аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы 70 пайыздан 90 пайызға жеткізілмек. Бұл туралы Тқлеби ауданында сайлаушыларымен кездескен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Әли Әмірәлиев мәлім етті. 

image.png

– «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Бірінші Мамыр, Қасқасу, Қаратөбе, Алатау, Момынай, Абай, Сұлтан Рабат ауылдарындағы 44 шақырымдық жолдарды орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіледі. Бұл өз кезегінде Төлеби ауданына келетін туристер ағынының артуына, қарым-қатынастың қалыпты жағдайда болуына өз әсерін тигізетін болады, – дейді депутат. 

Жол жөндеумен қатар, Төлеби ауданына қарасты ауылдарды жарықтандыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Бүгінде ауылдарда ішкі жолдар жөнделіп, ауыз су құбырлары жаңартылған. Тұрғындар көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, электр бағаналары ауыстырылып, желілер тартылған. Бұған қоса, облыстық, аудандық маңызы бар жолда орналасқан елді мекендерде көше шамдары орнатылған. 

Мәселен, Алатау ауылдық округі Нысанбек елді мекенінің бір шақырым жолына 24 түнгі жарық шамдары орнатылды. Аталған жұмыстар ауылдарды абаттандыру аясында жүзеге асуда. Бұған қоса, түнгі жарық Ленгір қаласының Амангелді көшесі, Север мөлтек ауданында, Қырықбаев көшелеріне Алатау ауылдық округіне қарасты Екпінді елді мекеніне, Киелітас ауылдық округіне қарасты Киелітас елді мекеніне орнатылды.