Шымкенттің дәрі-дәрмегіне сұраныс жоғары

Screenshot_24.png

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлуді айтып, отандық дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтың үлесін бүгінгі 17 пайыздан 50 пайызға жеткізу межесін белгіледі. Бұл бағытта жақсы дамып келе жатқан Шымкент қаласындағы отандық дәрі-дәрмектердің ірі өндірушісі болып табылатын «Химфарм» зауытын атап өткен жөн. 

Бүгінде кәсіпорын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС сатып алатын дәрілік заттардың жалпы көлемінің үштен бірін өндіреді. 

«Химфарм» компаниясы өткен жылы 52,6 млрд теңгеге 76,920 мың өнім қаптамасын өндірсе, осы жылдың жеті айында 25,8 млрд теңгеге 42 мың шамасында өнім қаптамасын шығарған. Бұған қоса, компанияда медицинаның терапия саласына қажетті алуан түрлі ауруларды емдеуге арналған 12 фармотерапиялық топқа жататын 200-ден астам дженриктік және түпнұсқалық препараттар шығарылады. Сондай-ақ, зауыт қазіргі күні Шымкент қаласында тұратын 1 мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Қазіргі уақытта компания GMP халықаралық стандарттарына сәйкес жұмыс істеп тұрған фармацевтикалық өндірістерді жаңғырту бойынша аса ірі инвестициялық жобаны іске асыруда. 2023 жылға дейінгі инвестициялық бағдарламаның көлемі 120 миллион АҚШ долларынан астам соманы құрайды. Бүгінгі таңда игерілген сома 97 млн. АҚШ долларын құрайды.

Компания өнімдерін Ресей, Украина, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан сынды 7 елдің нарықтарына экспорттайды және ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.