Түркістан облысында аз қамтылған отбасылар 500 млн теңге демеушілік көмек алды
Төлеби ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан отбасының әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан ақсақалдарымен жүздесіп, күрделенген мәселелерді ортаға салды. Халық пен билік өкілдері бірқатар мәселені талқылап, алда келе жатқан ауыл әкімдерін сайлау туралы да сөз қозғады. Алғашқы тікелей сайлаудың ең алдымен халық үшін маңыздылығы айтылды. Киелі Түркістан қаласының жаңарған келбетіне куә болған ақсақалдар жасыл желекке бөленген жаңа шаһардағы сан түрлі субұрқақтар мен әсем ғимараттардың артқанын жарыса айтты.
- Қазақ елінің маңдайына біткен Түркістанның көркеюі әрбір жан үшін өлшеусіз бақыт. Жаңа Түркістанды көрдік. Фонтанға қуанған балаларды көрдік. Киелі мекеннің ынтықтырған көркі мен қасиетті жерлерінің ажарлануына көктегі періштелердің өзі қуанғандай. Жақында өтетін ауыл әкімдерінің сайлауын абыроймен атқарып, ел қамын ойлайтын, халықтың жағдайын жақсартуға күш салатын азаматтарды таңдауға қуана атсалысамыз, - деді Төлеби ауданының тұрғыны Әтірхан Шыңғысбаев.
Облыс әкімінің ақсақалдармен кездесіп, жергілікті мәселелерді талқылау дәстүрге айналды. Басқосу барысында карантин шаралары сақталуда. Кездесуде сөз алған ақсақалдар кез-келген туындаған жағдайды дер кезінде талқылап, шешімін табуға болатынын айтты.
- Өздеріңіздей ақсақалдар, көпті көрген қариялар елдің жағдайын біліп, шындықты, шынайылықты, болып жатқан тірлікті бүкпесіз ашық айтады. Әңгіме барысында елді алаңдатқан мәселелер айтылады. Сондықтан мен үшін ел ағаларының ой - пікірі өте маңызды. Жасалып жатқан істерге шынайы көзқарастарыңыз бен ақыл - кеңестеріңізге құлақ асамыз. Ардагерлер кеңесімен тығыз байланыстамыз. Мен үшін бұл қоғамдық ұйымның орны ерекше. Халықтың жағдайын сіздерден артық білетін жан жоқ деп ойлаймын. Алда келе жатқан ауыл әкімдерінің сайлауы ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқан саяси шара. Халық тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ, - деді аудан ақсақалдарымен кездескен облыс әкімі.
Облыс әкімі өңірлік "Қамқорлық" бағдарламасының басырын қадағалауды тапсырды.
Түркістан облысында көмекке мұқтаж 2000-ға жуық отбасы бар. Демеушілер есебінен барлығына 500 млн.теңгеден астам қаражаттың көмегі берілді. Облыс бойынша осы бағдарлама аясында 52 отбасы баспаналы болды. "Қамқорлық" жобасы мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен көмектен бөлек жүзеге асады. Еңбекке қауқарлы азаматтарды жұмыспен қамтып, немесе жеке кәсібін дөңгелетуге жағдай жасалады. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға қамқорлық көрсету арқылы, кедейлік шеңберінен шығуға мүмкіндік жасалады. Бұл жоба барлық аудандарда өз жалғасын табады. Азық-түліктен бөлек, олардың тұрып жатқан үйінің бітпей тұрған тұстарына және айналасындағы тазалық жұмыстарына арнайы еріктілер тобы жұмылдырылады.
Бөлісу тақырыбы: Түркістан облысында аз қамтылған отбасылар 500 млн теңге демеушілік көмек алды