Диқандар егін оруды бастады

1562322302612314.jpg

Түркістан облысында астық жинау науқаны басталды. Алғашқы болып қазығұрттық диқандар егінге орақ салды. Техникасын сайлап, науқанға қызу дайындалған шаруалар бидайдан 30 центнерден алғашқы өнімін алып, қамбаға құйып үлгерді. 

Солардың бірі «Сапа – 2002» серіктестігінің басшысы, қазығұрттық диқан Нұржан Әшіров. Кәсіпкер 1996 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысады. Алғашында кәсібін 10 гектардан бастаған ол қазір 5 мың гектар алқапқа бидай, арпа және жоңышқа егіп отыр. 10-нан аса техникасы бар. Жалпы, Қазығұрт ауданы таулы өңір саналады. Бірақ соған қарамастан Шарбұлақ ауылдық округінде орналасқан шаруашылық биыл 2,5 мың гектарға бидай еккен. Ерте көктемде жауын-шашынның көп болуына байланысты егін де бітік шыққан. Күнгейлік шаруа мол өнім алуының сырын агротехникалық талаптарды сақтай отырып, күтімді өз уақытында жасағанымен байланыстырады. Сондай-ақ шаруашылық астықтың жаңа сұрпын шығарумен де айналысады.

 – Енді осы мол өнімді өз уақытында барынша шашпай-төкпей жинап алуға әрекет жасап жатырмыз. Биылғы жылы ауа райы ауыл шаруашылығы үшін өте қолайлы болып келді,- деді Нұржан Әшіров.

         Қазығұрттық диқандар биыл 40 400 гектар алқапқа астық еккен. Бұдан бөлек, ауданда 45 мың гектарға түрлі майлы және бау-бақшалық дақылдар отырғызылған. Сондай-ақ өңірдегі Шанақ және Абдалиев ауылдық округтерінде де егін ору науқаны жүріп жатыр. Бүгінге дейін аудан шаруалары 1535 гектар бидай мен 260 гектар арпа дақылын орып, қамбаға құйған. 

 – Жалпы, бидайдан 22-25 центнерден аламыз деп күтіп отырмыз. Арпаны 22 центнерге дейін жеткіземіз деп күтіп отырмыз. Өздеріңіз көріп отырсыздар, осы жердегі алқапта өнімділік 30 центнерге дейін жетіп отыр. Аудан бойынша алғанда 22-25 центнерден болатын болса, ол жақсы көрсеткіш деп санаймыз. Былтыр да орташа өнімділік 26 центнерді құраған болатын, - деді Қазығұрт ауданының әкімі  Төлеген Телғараев. 

Түркістан облысында биыл 823 мың гектар аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың гектарға артық. Болжам бойынша, биыл 218 мың гектарға егілген астықтың әр гектарынан 21,2 центнерден өнім алынып, жалпы 462 мың тонна астық жинау жоспарланып отыр.

         «Сапа-2002» ЖШС-і бастапқы кезде мақсары егумен айналысқан. Бүгінде бидай егуді басты кәсіпке айналдырған. Аталған қожалықтағы екі мың гектарға жуық егінді алқапқа егілген арпа мен бидайды жинауға 10-ға жуық агротехника тартылса, онда 20 шақты жұмысшы еңбек етуде. Шаруалар ауа-райы қолайсыз болғанымен қамбаға түсер өнім былтырғыдан кем болмайтынын айтуда. Себебі, агротехникалық шаралар дер кезінде жасалып, мемлекет тарапынан берілетін арзан бағадағы жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыштар уақтылы алынған.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Диқандар егін оруды бастады