Бүйрек ісігі науқастың дәретіне қан кезде ғана білінеді

Screenshot_6.jpg

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы құрамындағы онкология орталығында «Ашық есік күні» өткізілді. Ай сайын жүргізілетін акция таңғы жұмыс уақытынан басталды. Шараның мақсаты – бүйрек ісігі диагнозын өткізіп алмау. Бүйрек ешқандай белгі бермей жатып, оның симптомсыз кезіндегі жағдайын анықтау.

– Ұйымдастырылып отырған «Ашық есік күні» бүйрек ісігіне арналған. Оның ерекшелігі ол бастапқы сатыда ешқандай белгі бермейді. Адам өзінде ісік барын білмеуі мүмкін. Бүйрек ісігі, оның көлемі ұлғайып айналасындағы тканьдар қысқан жағдайда және науқастардың дәретіне қан кеткен кезде ғана білінеді. Ол анықталған кезде ісіктің көлемі 10 см-ден асып кетеді, яғни үшінші-төртінші сатыға өтіп кетуі мүмкін. Ол кезде операциялық емдеу қиын болады. Әрі қарай, таргеттік терапия жасалады. Егер, ол кеш анықталып жатса науқастың өмір сүру уақыты қысқа болады, – деді онкоуролог Даукенов Бағдат.

Жалпы бүйрек ісігі әлемдік бүкіл популяцияда 3-4% адамда кездеседі. Дүние жүзі бойынша жылына бүйрек ісігінен 100 мыңға жуық адам өмірден өтеді. Әлемде алғашқыда 300 мыңға жуық бүйрек ісігі анықталған. Бұл диагноз түрі Қазақстанда да көптеп кездеседі. Оның себептері, шылым шегу, жоғары қан қысымы, артық салмақ, алкогольдік ішімдіктерді шектен тыс қолдану.

Акция аясында қаралушылар онкоурологтан тегін кеңес алып, бүйрек ісігінің алдын алу шарасы жөнінен хабардар болды. Тегін ультрадыбыстық зерттеу жүргізіліп, бүйрекке консультация жасалды. Онкологиялық орталықта әрдайым өткізіліп отыратын бұл шара, бұған дейін тері ісігі, тік ішек ісіктеріне арналған ашық есік күндерін ұйымдастырған болатын.

Нұрилә ЖҰМАДІЛЛӘ