«Жомарт жүрек» елге көмек көрсетуде
Тау басында кеме қалған киелі Қазығұрт өңірінде өз ісін дөңгелетіп отырған жандар жетерлік. Кәсіпкерлер Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жомарт жүрек» базалық жобасы аясында аз қамтамасыз етілген, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі отбасыларға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, жалғызілікті қарттарға қол ұшын созып отырғаны қуантарлық жәйт. Атымтай жомарт азаматтың бірі «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауының жеңімпазы – Сырым Ертаев. Ол өз есебінен 2017-2018 жылдары тұрмысы төмен Алтынтөбе ауыл округінен 2 отбасыға, Қарабау ауыл округінен 3 жанұяға, Жаңабазар ауыл округінен 2, жалпы 7 отбасыға үй салып берген. Және биылғы жылы да бұл қайырымды ісін жалғастыра отырып жуық арада Жігерген ауыл округінен 1, Қазығұрт ауыл округінен 2, жалпы 3 жанұяға баспана тарту етпек.
Сонымен қатар, кәсіпкер Рамазан айында аудандағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған 500 отбасыға азық-түлік үлестіріп, 5 миллион теңге көлемінде көмек көрсетті.