Санитариялық автокөліктер сатып алуға 24,5 млрд теңге қажет - ДСМ

20180918184218.jpg

Санитариялық автокөліктер сатып алуға 24,5 млрд теңге қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының 2019 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау аясында министрлік өңірлермен бірлесіп, амбулаториялық-емханалық ұйымдардың, жедел жәрдем стансаларының, стационарлардың шұғыл қызметтерінің, сондай-ақ ауылдық ауруханалық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізуде», - деді ол. Бұл ретте оның айтуынша, 2021 жылға дейінгі алдын ала қажеттілік 156,5 млрд теңгені құрайды. «Оның ішінде санитариялық автокөлікке 24,5 млрд теңге, жылжымалы медициналық кешендерге 2,5 млрд теңге, техникалық жабдықтауға 77,2 млрд теңге, күрделі жөндеуге 52,3 млрд теңге қажет. Бюджетте 121,4 млрд теңге көзделген. Қажеттілік 35,1 млрд теңгені құрайды. Аталған қаржының 27 млрд теңгесін республикалық бюджеттен және 8,1 млрд теңгесін жергілікті бюджеттерден алу ұсынылады», - деді вице-министр. Естеріңізге сала кетсек, 30 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті өңірлердегі медициналық қызмет көрсету ісінің қолжетімділігіне қатысты проблемаларға тоқталып, «Саламатты Қазақстан» арнайы пойыздарын іске қосу жөніндегі жобаның тиімділігін айтты. «Шалғай ауылдарда жылжымалы медициналық тексеру орындарын ұйымдастыруға болады. 3 жыл ішінде жедел жәрдем қызметін автомобильдермен және реанимобильдермен қамтамасыз ету ісін шешу керек. Осының бәріне 27 миллиард теңге бөлу қажет. Әкімдер 2020 жылдың аяғына дейін инвентаризациялау негізінде, ең алдымен, аудандық ауруханалар мен емханаларды қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етуі қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.