Әбдірахымов ескі әуеніне қайта басты

1543316285.jpg

Апта басында Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәслихаттың алдында атқарған жұмысы туралы есеп беріп, ертеңіне яғни сейсенбіде Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде журналистерге арнап брифинг өткізді.

Абырой болғанда «зың әкім»  Лас-Вегас, Париж,  Лондон, Нью-Иоркті аузына алған жоқ. Бұл жолы оның аңсары батысқа емес шығысқа ауған сияқты.   Дубайды тілге тиек етті.  Жуырда ғана  Оңтүстік Кореяға жасаған сапарындағы әсерлерімен бөлісіп, Шымкентті Сеулдің тәжірибесімен дамытатынын айтты.  Маусымда президенттің жарлығымен Шымкентке екінші мәрте әкім болып келген кезде Әбдірахымов бәрін жиыстырып қойып, мегаполисті Астананың жолымен дамытуға кіріскен еді. Тіпті Елорданың сол кездегі мэрі Әсет Исекешевпен меморандумға қол қойғаны да есте. Алайда Әбдірахымов сол баяғы жұрт білетін ескі «шетелдік» әуеніне қайта басқан сияқты

-Біз осыдан екі жыл бұрын қаланың даму концепциясын бекіткен кезде Шымкентті миллиондық мегаполиске айналдыруды мақсат етіп қойған едік. Бұл мақсатқа қол жеткіздік,-деді Әбдірахымов шымкенттік депутаттардың алдында берген есебінде. Бірақ Шымкент тұрғындарының миллионға жеткеніне Әбдірахымовтың, оның командасының  нендей   үлес қосқанын өз басымыз түсіне алмадық. Есесіне халықтың алдында берілген уәделерінің, жасаған жобаларының басым бөлігінің жүзеге аспай қалғаны анық.  Әбдірахымов 2015 жылы қоғамда қызу пікір тудырып, көпшіліктің аузын ашқызып, көзін жұмғызған Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының қаншама пайызға орындалғаны туралы да ләм-мим демеді. Бәрі ертегі күйінде қалды... Жұрт қазір Әбдірахымовтың қай сөзіне сенерін білмей дал болып қалған сияқты.

 Әкімнің есебіне қарағанда Шымкент биыл инвестиция тарту бойынша республикада бірінші орын алып, былтырмен салыстырғанда оның көлемі 2,8 есеге көбейіпті. Бірақ бұл инвестицияның негізгі бөлігі Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға бөлінгенін, ал керісінше Шымкент жеке инвестиция тарту бойынша көш соңында қалып, Әбдірахымовтың Үкіметтің селекторлық жиналысында Сағынтаевтан ескерту естігенін біз бұған дейін де жазып едік. Қызығы сол,  әр нәрсенің басын іліп шалып шыққан Әбдірахымовтың баяндамасынан кейін әкімге сұрақ қойған бірде бір депутат болмады. Шымкенттегі өзекті мәселелер: үш ауысымдық мектептердің жайына, ойдым-ойдым жолдарға, коммуналдық қызметтерге, қоғамдық көліктегі бетімен кетушілікке не әкім, не халық қалаулылары тоқталған жоқ. Депутаттар үнсіз. Келесі сайлаудың партиялық тізім бойынша өтетіні қазірдің өзінде белгілі. Енді кімнің депутат болатынын әкім һәм партияның төрағасы шешетіні айтпаса да түсінікті. Мәслихат ертең партиялық тізім бойынша жасақталса, бұл үнсіздік тіпті тыныс алмай отыруға тырысуға ұласпаса...  

Есесіне Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әбдірахымов Шымкентте алдағы уақытта атқарылатын біраз жобаларды атап өтті. Айтуынша, Оңтүстік Кореядадан келген соң кореялықтарға еліктеп, Қошқарата өзенінің айналасынан биіктігі көкпен таласқан ғимараттар салуды қолға алыпты. Осы жерден Лондондағы Гаид паркке ұқсас үлкен жасыл алаң жасауды жоспарлапты. Шымкентте жеке инвесторлардың есебінен Диснейленд салдырмақ екен. Оның арасында Шымкент пен Дубай арасында бар-жоғы үш сағатта қатынайтын әуе рейсі ашылғалы жатқанын да хабарлады.  «Скат» компаниясы өз есебінен Шымкентте жаңа әуежай салмақ көрінеді. Келер жылы темір жол вокзалы да түрленіп, керемет келбетке енетінге ұқсайды. Қонаев даңғылы Ташкентке шығатын тас жолмен қосылады. Қажымұқан атындағы орталық стадион УЕФА-ның талаптарына сәйкес келетіндей етіп күрделі жөндеуден өтпек...

Оңтүстік Корея Әбдірахымовтың той тойлауға қатысты көзқарасын да  оңдырмай өзгерткен сияқты. Қайбір жылы жаңа жылды тойлауға бөлінген қаржыны жетім балаларға киім алуға аударған Әбдірахымов  2019 жылды қарсы алуға қазынадан 70 миллион теңге бөлдірткелі жатыр екен. 

-Сонда Шымкент түнде қап-қараңғы боп тұруы керек пе? Әйелдер не үшін боянады? Біз әдемі киімді не үшін киеміз? Бұл да сол сияқты мәселе ғой. Адам деген «Вау…» деп өмір сүру қажет,- деді әкім.

Әбдірахымовтың осы брифингте  халықты әйелге теңіп жіберген сөздері де әлеуметтік желіні кезіп кетті. Халықты қайдам Әбдірахымовтың өзі дәл қазір жылтыраққа құмар әйелге көбірек ұқсап бара жатқан сияқты.

Айтпақшы, Астанада екі-үш сағатқа жуық уақытқа  созылған, уәдеге, арман-қиялдарға толы брифингте Әбдірахымов  алдағы кезде Шымкенттің құлпырып кеткені соншалықты «кетер кезде жылайтын боласыңдар, әлі» деген сол баяғы ертегісін тағы қайталады. Бірақ әзірге өз басымыз Шымкентке күліп келіп, жылап кеткен ешкімді көргеніміз жоқ. Құдай жылата көрмесін. 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Әбдірахымов ескі әуеніне қайта басты