Асқаровтың аққайыңдары

Асқаровтың аққайыңдары

Өздігінен заман өзгермейді, оны адам өзгертетіні беседенеден белгілі. Адам санасы өскен сайын, заман өзгеше сипат алып келеді. Баяғыдай «хәләуләйлім» деп екі аяқты аспанға жіберіп әндетіп жататын заман бүгінде келмеске кеткен.  

– Қазіргі заманда қойылымды 2 сағат тапжылмай отырып тамашалап, одан кейін антрактіге шығып, сосын қайта тамашалайтын көрермен жоқ. 

Өткен аптада халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Мархабат Байғұт Жұмат Шанин атындағы облыстық театрда «Асқаровтың аққайыңдары» драмасының премьерасына арналған баспасөз мәслихатында осылай деді. 

Расында бүгінде қу тіршілік қамымен басы анда да, мында да домалап жүрген пендеге уақыт жетпейді. Көпшілік көк қағаз жайлы айтқанда: «былай тартсаң анаған жетпейді, олай артсаң мынаған жетпейді» деп көздерін бұлайды ғой. Уақыт шіркініңіз де дәл осындай ұғымға айналғалы қашан. Осыны білгендей, капитализм серкелері «уақыт-ақша» деп әлдеқашан айтып кеткеніне таң қаласыз да, бас шайқайсыз.

Осыны сезгендей, режиссер Жұмабек Есімов «Асқаровтың аққайыңдарын» 1,5 сағатқа ықшамдапты. Баспасөз мәслихатында драма авторы Мархабат Байғұт режиссер шешіміне түсіністікпен қарайтынын айтты. Әйтпесе, бұл драманы 4 сағат сахналаса да болар еді. Дегенмен, Махаң айтпақшы, алдыңыздан сол баяғы алтын және алтыннан қымбат уақыт мәселесі, уақытқа байланысты өзгерген көрермен талғамы яки шыдамы кесе-көлденеңдейді. 

Жағымпаздар бен жандайшаптар болған да, бола береді

Алтын демекші, баспасөз мәслихатында Мархабат Байғұт қаржы жағынан қиындықтар болғанын жасырмап еді. Сонсоң, анда бір, мында бір шапқылап аз-кем қаржы тапқан екен. Міне, сол қаржыны режиссер ұқсата біліпті. Ақ қайыңдарды сахнада масштабты түрде көрсете алғанына қуандық.

Не керек, Махаңның драмасы Мұқаңның (М.Мақатаев) өлеңімен ашылады. Бұл жерде мына шым-шытырық жалғаннан үйлесім, ұнасым және жарасым іздеуге жаны құмбыл жазушы Махаңның ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы байқалып тұрды.   

Жапырақ жүрек жас қайың!

Жанымды айырбастайын. 

Сен адам бола бастасаң, 

Мен қайың бола бастайын. 

Келісесің бе, жас қайың?

Оқиға Асағаң мен заңғар жазушы Шерағаңның (Ш.Мұртаза) ақ қайыңдар саясындағы диалогынан өрбиді. Диалогтан бұл кездесу Асағаңның өмірінің соңғы күндерінің бірінде болғанын аңғардық. Әу баста біз «А.Асқаровты кім ойнайды?» деп ойлап едік. Себебі, ол белгілі тұлғаны театр сахнасында алғаш сомдаған әртіс болып тарихта қалады. Сөйтсек, Асағаңды сомдау бақыты ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Шымырқұловқа бұйырыпты. Біз Ерекеңнің шығармашылығынан хабардар болғандықтан, оның рөлді жоғары деңгейде алып шығатынына шүбә келтіре қоймадық. 

Шерағаң ұлып емес, тіліп айтатыны көзі қарақты аян. Кез-келген ортада өз пікірін көздеген нысанасына дөп тигізіп, сүйектен өткізіп барып жеткізетін Шерағаңның тым биік болмысы Асағаңмен болған кездесуде анық аңғарылып тұрды. Тіпті, өз дәуренінде бүкіл облысты «жатқызып-тұрғызған» әкіміңізге ұрсып та алады. Оған ренжи қойған «экс-әкіміңіз» жоқ. Себебі, өз егесін тапқан жүйелі сөзге ренжуге құқы жоқ еді. Кезінде үш жүзді біріктірмекке ұмтылған Абылай ханыңызға да Бұқар жырау ойындағысын іркілмей айтқан емес пе? Қашанда болмасын биік мінбердегі басшылар жерге жалп етіп құламас үшін бетің бар, жүзің бар демейтін шынайы жандарға мұқтаж. Әйтпесе, қай заманда болмасын тұла бойы жасандылыққа тұнып тұрған жандардан аяқ алып жүру мүмкін болмаған.

Жасанды демекші, осы бір сәтте сонадайдан екі жігіт жандарына жетіп келеді. Келе сала «бұрынғы басшы» деп Асағаңның асты-үстіне түсе кетеді. Бұл қылықтары тым жасанды еді. «Адам аласы ішінде» дегендей, Шерағаң бұл жылпостарға сеніңкіремейді. Сөйтсек, сабын көпіршікке еріп отырған Асағаң да жоқ екен: 

– Бұлар – жағымпаз бен жандайшап. Бұндайлар болған да, бола береді, - деп Шерағаңа әлгілерді сипаттап береді. Ондайлар елді іштен шірітеді. Өз мүддесі үшін кеше ғана Құдайындай табынғанын бүгін еш ойланбай сатып кетеді. Олар ар мен ұяттан жұрдай болады. Төңірегінде жағымпаздар мен жандайшаптар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейгенде басшы көз алдындағыны көруден қалады. Сондықтан да, басшы ең бірінші кезекте жан-жағын осындай типтегі адамдардан аластағаны абзал. Бұл бірінші кезекте өзіне, одан кейін халыққа пайдалы. Себебі, сәл ылғал тисе қаулай кететін арам шөп жоқта дарақ тереңге тамыр жаяды.

Шерағаңмен шахмат ойнап отырған Асағаң өткеніне көз жүгіртеді. Аттан түскен, азап шеккен өткеніне.   

Өз ауылыңның иттері үріп, қапқаны қандай ауыр

Ақын, ғалым, педагог, публицист, аудармашы... Ахмет Байтұрсынұлы жайлы айта берсек көп. Ескерері сол, ол қараңғы қазақ балаларының көзі ашық болғанын қалаған. Себебі, бүгінгі білімді кіші буын – ертеңгі аға буын. Осыны терең түйсінген Ахаңның ұлт келешегі жолында атқарған жұмыстары аз емес. Тар жол, тайғақ кешуге толы өмір жолына үңілсеңіз, жауыңызға да тілемес азаппен беттескеніне куә боласыз. Бірақ, ол бір жерде сынып кетті. Оны дұшпаны емес, өз қазағы өзектен тепті.   

Ахаңды есеңгіреткен осы бір жайт Асағаңды да айналып өтпеді. Одағыңыздың дүрілдеп тұрған алтын дәуренінде Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарын басқарған Асағаң артында өшпес мұра қалдырып кетті. Мысалы, бір Шымкентті алайық. Асағаңның тұсында Шымкентіңіз ұзатылатын қыздай жасанып сала берді. Сол тұста қалада жылу энергия орталығы салынды. Бұл мекеме әлі күнге дейін істеп тұр. Бұдан бөлек, адам қарасы үзілмейтін дендросаябақ, зообақ, ипподром, балалар темір жолы, «Тұлпар» демалыс аймағы... Бұл Асағаңның істеп үлгергендері. Істей алмай кеткендері қаншама! Өкінішке қарай, істетпеген – өз қазағы болды. 1985 жылы оған бірнеше айып тағылды. Ел ішінен Мәскеуге Асағаңның үстінен қап-қап арыз жөнелтілді. Үсті-үстіне жазылған арыз оңайлықпен қойсын ба, Асағаңды қызметінен жұлып түседі. Алматыдағы Желтоқсан оқиғасынан кейін «сол жиынды ұйымдастыруға қатыстың» деген айыппен оны қамауға алады. 

Осы арыз мәселесі жөнінде қойылымда кеңінен айтылды. Тергеуші Калиниченкодан бастап, одан жауап алуға келген бірнеше азамат Асағаңды мұқатумен болады. «Жасаған қылмысыңды мойында» дейді. Бірақ, Асағаң қандай қылмыс жасағанын мүлдем еске түсіре алмайды. Істемеген нәрсені қалай істедім дейді? Мойындамайды. Ұрады, соғады. Міз бақпайды. Мойындамайды. Өйткені, ол ар алдында таза еді. Қойылымда. 

Сонда тергеушілер сексеуіл тәмсілін еске алады. Сексеуіл – балтаңызға оңайлықпен шағыла, сына қоймайтын бұта. Оны жылдам сындыратын бір тәсіл бар.  Ол – сексеуілді сексеуілмен ұру. Тергеушілер кезінде осы бір тәсілді қолданғандарын айтып, яғни бір ұлтты өз ұлтымен шағыстырғандарын айтып, Асағаңды әжуалайды. Сонда бар ғой, қайтпас, қайсар деген ұлт өкілдерін бір-біріне айдап салса, қынадай қырылып қалады екен. Бұл тәсіл баяғы саяси қуғын-сүргін науқаны кезінде жемісті болған көрінеді. Осы жерде «төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді», «бөлінгенді бөрі жейді» деген сөздер еріксіз еске түседі екен.  

Бәлкім, қаржы мен уақыт жетіспегендіктен шығар, қойылымда көбіне Асағаңның тергеуші Калиниченкомен болған диалогы көрермен назарына ұсынылды. Одан соң кей көріністер бір-біріне ұқсап кеткен соң ба, бір тұста көрермендер зеріккендей болған. Десе де, бұл зерігу ұзаққа созылмады. Қойылым философиялық тұрғыда өз миссиясын орындады. Режиссер әрбір секунды гаухар тасқа бағаланған қойылымда Асағаңның Тәуелсіздік таңы атар жылға дейінгі көрген құқайларын лентадай зырғыта өткізіп көрсетті. Мәре аққайыңдар түбінде Мұқаңның ақ қайың жөніндегі өлеңімен аяқталды.  

Бәрінен бұрын ең маңыздысы қойылымдағы кейіпкерлер арасындағы диалогыңыздың көркемдік қуаты зор болды. Асағаң мен Шерағаңның арасындағы тәрбие кені іспеттес көркем диалогы, көбіне моншада яки сыраханада айтылып, сол жерде қалып кететін жағымпаз бен жандайшап арасында бықсық диалогы, тергеушілер мен Асағаңның арасындағы сол замандағы құндылықты сипаттайтын, қоғамдық-саяси жүйені аяусыз әшкерелейтін ашық диалогтары, Асағаңның асыл жары Фатимамен қасиетті де қастерлі сезімге толы сыршыл диалогы, темір торда жатқанда түсіне кірген анасымен болған монолог һәм диалогы, оны жанды дауыстағы әнмен, дыбыспен сүйемелдеуі, бәрі сәтті шыққан. Махаң өз болмысы шағын жанр – әңгімеге жақын екенінін талай айтқан. Оның бұл драмасынан әңгіме жанрына жақын қысқа әрі нұсқа ойлары көктемгі нөсер секілді төгіп-төгіп кеп берді. Күзгі ақ шашындай (жауын-шашын - автор) сағыз секілді созылмады. 

Ең бастысы, қойылымды тамашалауға келген көрермендер жалықпады һәм жабықпады. Оған дәлел, қойылым өз мәресіне жеткенде көрермендер орындарынан тұрып шай қайнатым деуге келетіндей уақыт қол шапалақтап тұрды. Мұндай құрметке әрбір әртіс лайықты еді. Спектакльді қою үшін 45 әртіс 3 ай дайындалыпты. Қойылым режиссерінің айтуынша, олар көптеген керек-жарақты (офицер киімі, кісен, қару) тиісті мекемелерден арнайы сұраныспен әзер алдыртыпты. Дұрысы, ұйқы көрмей шапқылаған. Ал, Асағаңды тұңғыш болып сомдау бақытына ие болған Ерекең бұл рөлді алып шығу оңай болмағанын айтты. Бұл рөлге ол зор дайындықпен келіпті. 

Бұл спектакль жайлы алыс-жақыннан келген қонақтар жылы лебіздерін білдірді. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлының хатын оқып берді. Сосын драма авторы Мархабат ағаға оқалы шапан жауып, құрмет көрсетті. Өзге де қонақтар сый-сияпаттарын аямады. Десе де, бұл кешетегі ең басты сый – ол көрермен қауымының ыстық ықыласы еді.        

             

 


Diagnews.Kz : Кез-келген материалды көшіріп пайдалануға тек Diagnews.kz сайтына гиперсілтеме қойылғанда ғана рұқсат етіледі.Diagnews.Kz