Аты жаман ауру – дауасыз дерт емес

Аты жаман ауру – дауасыз дерт емес

Бір жылдың ішінде  анамнан, әкемнен, інімнен, жездемнен ең жақын адамдарымнан айрылдым...Маған бұл үлкен соққы болды.  Қатты күйзелістің салдарынан  «инфаркт» алып  денсаулығым сыр берді. 58 жасымда өмірімнің ең бір қиын кезеңдері басталды... Басқалары тәрізді «рак» туралы тек одан адамдар дүниеден озатынын ғана естідім. Сол жылы онымен бетпе-бет кездескеннен кейін ол кері жағдайды дәлелдеді. Ал қазір өткен жылдардың оқиғалары туралы күлімсіреп қана еске аламын. 

Мен үшін алғашқы белгі –ол асқазаным аурып, жүрегім айнып, өзімді нашар сезіндім. Мүмкін дұрыс тамақтанбағандықтан болар дедім.  Денсаулығымның күннен-күнге нашарлап  бара  жатқанын көріп күйеуім ауруханаға апарды.  Дәрігер диагноз туралы ашық бірдеңе айтпады: «Сізге жедел түрде ота қажет»,- деді. Кейін тоқ ішегімде қатерлі ісік бары анықталды. Ішегімнің шіріп кеткенін, маған 5-6 күн өмірімнің қалғанын дәрігер жеткізді. Сол сәтте барлығы түсім сияқты болып көрінді. Сөздің шыны керек жағдайымның нашар болғанынан өлемін деп ойладым. Екі қызым,  ұлым бұл диагнозды естіп жылап, санаулы күн қалды деген дәрігерлерге бір ашуланды, өмірге қапаланды. 

Оңтүстік Кореяда қатерлі ісікті емдеуде үлкен жетістіктерге жеткен, медицина саласы озық деңгейде деп естідік. Емделуге кетемін деп жүргенде, Алматыдағы онкологиялық орталықтың мамандары шетелдегі дәрігерлерден артық білмесе кем білмейді деген пікірлерді тыңдай келе, еліміздегі ауруханада ем қабылдауды дұрыс деп шештім.   Маған  ота жасалып тоқ ішегімдегі ісікті жойып, ішегімнің 70 жерін тігті. Ол кезде  қандай ауыр халде болғаным айтпаса да түсінікті. Отадан кейін маған химиотерапия тағайындалды. Одан кейін өзімде ізденіп, әр түрлі емдер қабылдадым. Негізі рак клеткасы әр адамда бар. Бұл клеткалар – дұрыс жетілмеген, мутацияланған клеткалар. Адам дұрыс тамақтанбаса, бұл клеткалар қарсы реакция беріп, ауру тудырады. Онымен күресу үшін адамның иммунитеті мықты болу керек. Мықты иммунитет рак клеткалармен күресіп, жеңеді. Сондықтан иммундық жүйені күшейтетін витаминдерді көп ішкен жөн. Жеміс-жидекті көп жей бастадым.  Бір түйгенім адам денсаулығын жыл сайын тексертіп, жыл сайын толық ультрадыбыстық тексеруден өтіп, қан және кіші дәрет анализдерін жасатып отырғаны абзал. Стресс рак клеткаларын оятып жібереді. Стрестік жағдайларға түсіп қалмау жағын ойлау керек. 


Елімізде онкологиялық орталықтар жақсы дамыған, мамандары да жоғары санатты дәрігерлер екен. Маған ота жасаған дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Қазақстан – ТМД аумағындағы онкологиялық ауруларды тегін емдейтін жалғыз ел. Қатерлі ісікті емдеу үшін азаматтардан бір тиын да алынбайды. Дегенмен, көзімнің жеткені ақшаң болмаса, жақсы таныстарың болмаған жағдайда саған жоғары дәрежеде қарайды деп айта алмаймын. Мүмкін менің пікіріме қарсы келетіндер бар шығар. Әу баста  еманада ауыр халде жатқанымда  маған ешкім дұрыс қарамаған. Егер менің лауазымды қызметте жұмыс істейтін туысқандарым, ақшам болмаса маған жақсы қарамауын жалғастыратын еді деген ойда қалдым. Әрине бұл өткен күндердің еншісінде. Бұл сөзіммен ешкімнің көңіліне тигім келмейді. Бірақ бұл рас нәрсе!

Өмірге деген күрес, болып жатқан жағдайларды ой елегінен өткізуге көмектесті: мен күйгелектеуді азайттым, салмақтырақ бола бастадым. Бір нәрсе жасалмаса – жарайды, ертең жасалар. Ал бұрын шашымды жұла бастайтын едім, өйткені бүгін менің қолымнан келу керек болатын. Содан құндылықтарды қайта бағалау жүреді. Құстар қалай әндететінін, ал адамдар жұмысқа асығып және жұмыстан тез оралып, бұл сәттерді жіберіп алып жатқанын байқай бастадым. Барлық аурулар ойлардан, эмоциялардан басталады. Басың барлығы келеңсіздіксіз, агрессиясыз таза болу керек. Сонда ғана денсаулық та болады. Міне, мен сіздерге басымнан өткен оқиғамды бөлісіп отырмын, маған тоқ ішектің қатерлі ісігі диагнозын қойды және бес күн өміріңіз қалды деген еді, ал мен тірімін! Еңселеріңді түсірмеңдер, соңына дейін күресу керек деп айтқым келеді! 

Мағрипа ҚАРАБЕКОВА

Тараз қаласы 


Diagnews.Kz : Кез-келген материалды көшіріп пайдалануға тек Diagnews.kz сайтына гиперсілтеме қойылғанда ғана рұқсат етіледі.Diagnews.Kz